Тоқтаған трансляция, жаңа жұлдыз Шерхан: тарихи матч қалай өтті?

30 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда қазақстандықтардың есінде ұзаққа сақталатын тарихи матч өтті. «Қайрат» өз алаңында испандық «Реал Мадридті» қабылдап, 5-0 есебімен жеңілді. Бірақ бұл матчта бастысы есеп емес еді.
Тоқтаған трансляция
Матчтың тікелей трансляциясы «Қазспорт» және «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетілді. Бірақ эфир көреміз деп үміттенгендердің жолы болмады. Екі арнаның да сайты ашылмай, матч көру мүмкін болмады. Тіпті сайт ашылса да өте баяу жұмыс істеп тұрды.
Кейбір қолданушылар ойынды «Кинопоиск» платформасынан, кейбірі пираттық сайттардан көргенін жазды.

Үнсіз стадион
Экраннан ойын тамашалаған көрерменнің тағы бір сыны – стадиондағы жанкүйерлердің қолдауы аз болуы. Ойыншылардың еңсесін көтеріп, қолдау білдіретін сәтті үнсіз отырды деп сөкті оларды. Ал тіпті кейбір қонақтар матч аяқталмай жатып, орындарынан тұрып кете бастаған.


Жұлдыз болған Шерхан
Бірақ матчтың есте қалатын тұстары да бар. Қазақ футболында жаңа бір жұлдыздың бағы жанды. Небәрі 18 жастағы Шерхан Қалмұрза бірінші таймда қақпасын Килиан Мбаппенің соққыларынан дәл қорғап үлгерді. Кейбір көрермендер «»Реал Мадрид» пен Шерхан Қалмұрза ойнап жүргендей, Шерхан болмаса есеп бұдан да жаман болар еді» деп бағалады.
Шерхан Қалмұрза – осы матчтағы ең жас ойыншының бірі. Бұған дейін ол «Қайраттың» жастар құрамасында ойнаған. Оған қарсылас «Реал Мадрид» қақпасын қорғаған Тибо Куртуа 33 жаста, әлем чемпионатында «ең үздік қақпашы» деп танылған. Ойыннан кейін Шерхан мен Тибо жейделерін алмастырғанын да айта кету керек.

Соғылмаған пенальти
Ойынның 68-минутында «Қайратқа» пенальтиден соққы жасайтындай мүмкіндік туды. Мадридтік Дани Себальос Валерии Громыконың аяғынан шалғаны үшін төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Бірақ бір минут өтпей жатып, арбитрді видеоқайталауға көруге шақырды. Сол қайталаудан кейін төреші шешімінен айнып қалды.
Бұл, әлбетте, қазақстандық көрерменге ұнай қоймады. Көпшілігі арбитр «Реал Мадрид» клубына жақтасып, «қасақана голдан айырды» деп есептеді.
Еске салайық, бұл матч – Чемпиондар лигасының 2-туры. Ойын барысында Мбаппе хет-трик жасаса, Эдуарду Камавинга мен Браим Диас бір-бір гол авторы атанды. Корольдік клуб өз тарихында Чемпиондар лигасын 15 рет ұтқан, ал «Қайрат» үшін – бұл тұңғыш чемпиондар турнирі.