5 мың билетті лауазымды тұлғалар алдын ала сатып алды – депутат матч жайлы

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Базарбек выиграл суд против компании по ОСМС
Базарбек: мыңдаған жанкүйер сағаттап кезекте тұрып, стадионға кіре алмай қиналды

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы матчты тамашалауға барып, стадионға кіру кезінде-ақ ұйымдастыру жұмысы дұрыс жүрмегенін аңғарғанын мәлімдеді.

Депутат: шетелдік тәжірибе қажет

Депутаттың айтуынша, матчты ұйымдастыру деңгейі көңіл көншітпеген. Мыңдаған жанкүйер сағаттап кезекте тұрып, стадионға кіре алмай қиналған.

«Жанкүйерлерді кіргізуде ешқандай өркениетті тәртіп болмады. Ең алдымен, еріктілер өте көп болды. Бірақ еріктілер бұл үлкен топқа көмектесе алмады. Қоғамдық тәртіпті реттейтін бірыңғай жүйе мүлде болмады», – деді ол.

Базарбек қазақстандық спорт шенеуніктерін, Футбол федерациясы мен Туризм және спорт министрлігін Еуропаға тәжірибе алмасуға жіберу қажет деп санайды. Оның пікірінше, олар Милан мен Мадридтегі стадиондардағы іс-шараларды ұйымдастыру мәдениетін үйренуі тиіс.

«Менің жанымда кішкентай балалар болды. Біреулер тіпті 5–7 жастағы балаларын алып келген. Олар тығыз иінтіресіп тұрған жұрттың арасында қалып қойды, жаншылып қалды. Бұл жағдайды көрген өте ауыр болды», – деді депутат.

Сондай-ақ Бақытжан Базарбек ІІМ орынбасары Санжар Әділовтің «ІІМ тарапынан ұйымдастыру керемет болды» деген пікіріне келіспейтінін айтты.

«Иә, СОБР мен ішкі әскер қызметкерлері жеткілікті шығар, олар сап түзеп тұрды, ешқандай қақтығыс, төбелес болған жоқ, оны мойындаймын. Бірақ мынадай қаптаған халықпен не істейміз? Мен депутат ретінде ешқандай артықшылықты пайдаланған жоқпын. Кейбіреулерді VIP дәлізбен кіргізгенін естідім. Ал өзім кезекте 58 минуттай тұрдым. Ақыры шыдамай, «кішкентай балалар тұншығып жатыр» деп айқайлауға мәжбүр болдым. Шетелдіктер өте көп болды. Олар не ойлайды? «Неткен жабайы ел» деп ойламай ма?», – деді депутат.

Билеттер бағасы мен алыпсатарлық мәселесі

Бақытжан Базарбек билет бағасы мен оларды жаппай сатып алу мәселесін көтерді. Ол мәжілістің республикалық бюджет бойынша жұмыс тобы бұл мәселені қарастырып жатқанын айтты.

«Менің қолымдағы ақпарат бойынша, шамамен 5 мың билетті ұлттық компаниялардың қызметкерлері мен лауазымды тұлғалары алдын ала сатып алған. Өз көзіммен көрдім, олар қарапайым халық емес еді. Қазір бұл ақпаратты нақтылап, тиісті сұрау жолдаймыз. Егер бұл билеттер мемлекеттік бюджет есебінен алынғаны дәлелденсе, Жоғарғы аудиторлық палатаға жүгінеміз. Одан кейін құқық қорғау органдарын тартамыз», — деді депутат.

Матчқа тек «тамыр-таныстар» кірді…

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің айтуынша, «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы футбол ойынына қарапайым халық емес, көбіне «тамыр-танысы барлар» ғана кіре алды.

«Мен өз көзіммен көрдім. Қарапайым алматылықтар бұл шараға билет ала алмады. Олардың орнына билеттерді делдалдар алдын ала сатып алып, бағасын шарықтатып жіберді», – деді ол.

Депутаттың мәліметінше, ойын алдындағы соңғы сағатта делдалдар билеттерді 700 мың теңгеге дейін сатқан.

«Біз осы делдалдарға қатысты нақты шара қабылдауымыз керек. Бұл мәселемен Бас прокуратура айналысуы қажет», – деп мәлімдеді ол.

Айта кетейік, Базарбек те матч билетін ресми сайттардан ала алмаған. Бірақ стадионға қалай кіргені және қандай баға төлегені туралы айтудан бас тартты.

Сондай-ақ оқыңыз