
Ішкі істер министрлігі Қарағандыда ес-түссіз күйде табылған полиция майорының жағдайына байланысты ресми себептер әлі анықталмағанын хабарлады. Қазір сот-медициналық сараптаманың қорытындысы күтілуде.
Қылмыстық істі арнайы топ тергеп жатыр
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов тергеу басталып кеткенін мәлімдеді.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Арнайы жедел-тергеу тобы құрылды, ішкі қауіпсіздік департаменті де тартылды. Сонымен қатар, қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр», – деді ол.
Санжар Әділовтің айтуынша, қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалған. Ол қыздың қайтыс болу фактісін және полицейдің ес-түссіз болу себебін анықтауы тиіс.
«Аталған қылмыстық іс аясында барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіледі. Егер аумақтық полиция департаментінің қандай да бір лауазымды тұлғаларының кінәсі дәлелденсе, олар бойынша ең қатаң тәртіптік шаралар қабылданатын болады», – деді министр орынбасары.
Әділов полиция қызметкерінің қазіргі жағдайына да тоқталып өтті. Айтуынша ол қазір ауруханада жатыр.
Еске салайық Қарағандыдағы полицияның тірек пункттерінің бірінен әйелдің мәйіті табылды.