
Қазақстанда азаматтардың атына жалған несиелерді рәсімдеумен жүйелі түрде айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет етіп жатыр. Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов осылай деп мәлімдеді.
Банк қызметкерлері клиенттер атына несие рәсімдейді
Оның айтуынша, жалған несиелерге қатысты мәселе жаппай белең ала бастаған. Кейінгі уақытта депутаттарға зардап шеккен азаматтардан көптеген шағым келіп түсіп жатқанын айтады. Мәжілісмен бұл алаяқтық әрекеттер ел ішінде, екінші деңгейлі банк қызметкерлерінің тікелей қатысуымен жүзеге асырылып жатыр деп пайымдайды.
«Несиелер жалған немесе жарамсыз сенімхаттар негізінде, көбінесе кейінге шегерілген күнмен, сондай-ақ азаматтардың биометриялық сәйкестендіруінсіз және келісімінсіз рәсімделеді», – деді депутат.
Мәжілісменнің айтуынша, жұмыс сапарлары барысында, әсіресе, Шығыс Қазақстан облысында оған зардап шеккен азаматтар жүгінген. Олардың айтуынша, белгісіз біреулер қоңырау шалып, нақты бір бөлімшелер мен менеджерлерге баруды ұсынған.
«Азаматтар мен олардың туыстарының атына дәл сол жерде жалған несиелер рәсімделген. Біздің партияда бұл іске қатысы бар қызметкерлердің тізімі бар, оны құқық қорғау органдарына береміз», – деді Рақымжанов.
Депутат ІІМ-ге ресми түрде жүгініп, көрсетілген фактілерге құқықтық баға беруді, жан-жақты тексеру жүргізуді және мұндай қылмыстарды анықтау алгоритмдерін депутаттарға ұсынуды сұрады.
«Қаржы ұйымдары бұл қауіптің ауқымын түсіне ме?! Олардың қызметкерлерінің әрекеттері азаматтардың банк жүйесіне және мемлекеттік институттарға деген сеніміне сызат түсіріп жатқанын сезіне ме?» – дейді мәжілісмен.
Тұтынушылардың қауіпсіздігін күшейту қажет…
Сондай-ақ ол Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне қаржылық қызметтер тұтынушыларының қауіпсіздігін күшейту жөнінде ұсыныс білдірді.
«Бұл шаралар – агенттіктің тікелей құзырындағы мәселе. Оларды жүзеге асыру қаржылық қауіптерді дер кезінде анықтап, жаппай заңбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді», – деді депутат.
Азаматтардың жазбаша келісімінсіз биометриялық сәйкестендіру жүргізілген
Осыған ұқсас мәселені депутат Аян Зейнуллин де көтерді. Оның айтуынша, несиелерді рәсімдеу кезінде өрескел заңбұзушылықтарға жол берілген. Атап айтқанда, азаматтардың жазбаша келісімінсіз биометриялық сәйкестендіру жүргізілген, табыс, зейнетақы және жәрдемақы туралы мәліметтер сұралмаған. Тіпті кей жағдайларда клиенттердің кірістерін әдейі жоғары етіп көрсеткен, бұл арқылы бір адамға бірнеше банктен несие рәсімдеу мүмкін болған.
«Клиенттердің мекенжайы мен телефон нөмірлері сияқты жеке деректері жиі шындыққа сәйкес келмеген. Соның салдарынан адам өз еркінен тыс «дропперге» айналуы мүмкін», – деді Зейнуллин.
Зейнуллин бірнеше даулы мысалды келтірді. Соның ішінде 66 жастағы қарағандылық зейнеткер әйел туралы айтты. Ол 2001 жылдан бері психоневрологиялық есепте тұр және оның денсаулық жағдайы мемлекеттік дерекқорлар арқылы расталғанына қарамастан, банктерге 5 млн теңгеден астам қарызға батып кеткен.
Еске салайық «БанкЦентрКредит» қызметкері алаяқтарға 155 млн теңге жеңілдетілген несиені заңсыз рәсімдеуге көмектескен.