Қазақстанда ЖИ-ге маманданған зерттеу университеті ашылады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект (ЖИ) саласында мамандар даярлайтын мамандандырылған зерттеу университетін құруды тапсырды.
Университетке ерекше мәртебе беріледі. Ал оның жұмысына әлемнің үздік жоғары оқу орындары тартылады. Үкімет тиісті ұсыныстарды 2025 жылдың соңына дейін дайындауы тиіс.
Мемлекет басшысы бұл университет ғылым, білім және инновацияның орталығына айналуы қажет екенін айтты. Негізгі мақсат – жасанды интеллекті экономиканың барлық саласына енгізе алатын кадрлар даярлау.
«Бүгінде жаһандық білім мен технология нарығындағы бәсекелестік аса жоғары. Сондықтан талантты жастардың сапалы білімді шетелде ғана емес, өз елінде де алуына мүмкіндік болуы керек. Қазақстанның болашағы осыған байланысты», – деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллекті мектептерде жекелеген оқыту жүйесін енгізу үшін пайдалануды ұсынды. Оның пікірінше, барлық оқушы бір бағдарлама бойынша оқитын дәстүрлі жүйе ескірген. Ал жасанды интеллект әр оқушының мықты және әлсіз тұстарын ескере отырып, жеке білім беру жоспарын құра алады.
Мысалы, АҚШ-та DreamBox сияқты платформалар математиканы оқытуда сабақтарды бейімдейді, ал Оңтүстік Кореяда жасанды интеллект тіл үйренуге көмектеседі. Қазақстанда мұндай технологиялар әрбір балаға тілі мен дайындық деңгейіне қарамастан, тең мүмкіндік беруге жол ашады.
Еске салсақ осыған дейін мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева цифрлық құқыққа жаңа көзқарас қажет екенін айтты. Оның айтуынша, елге цифрлық судьялар, адвокаттар және прокурорлар дайындау керек.