Алты жыл бұрынғы апат: ұшқыш Bek Air әуе кемесі құлағанға дейінгі жағдайды баяндады

Алматыда Bek Air Fokker-100 ұшағы апатына байланысты сот өтіп жатыр. Апат 2019 жылдың 27 желтоқсанында болған. Салдарынан 12 адам қаза тапты.
Тергеу бес жылдан аса уақытқа созылды. 2025 жылдың 2 қазанындағы сот отырысына куә ретінде апат болған уақытта Qazaq Air әуекомпаниясында екінші ұшқыш болып жұмыс істеген Михаил Шумаков қатысты.
Шумаков 2019 жылдың 27 желтоқсанында таңғы рейсті орындау үшін Алматы әуежайында болған. Ұшақ Qazaq Air тұрағында тұрған. Қарама-қарсы жерде Bek Air ұшақтары болған.
«Әуежайға таңғы алты шамасында келдім. Сағат жетіде ұшуымыз керек еді. Қарама-қарсы тұрған ұшақтың ұшуға дайындалып жатқанын көрдік. Өзіміз де кәсіби міндетімізді атқарып, ұшуға дайындалып жаттық. Келдік. Ұшақтың сыртын қарап шықтық. Кабинаны ұшуға дайындай бастадық, бағдарламаны жүктедік. Жерден ұшақ сыртын түгел қарап шықтық. Содан соң кабинаға кіріп, жүйелерді тексердік. Бәрі қалыпты болды. Ешқандай ақау болмады», – дейді Михаил Шумаков Qazaq Air ұшағына қатысты.
Айтуынша, сол күні ұшақтың сыртына мұз қатқан. Мамандар келіп, мұзды тазартқан.
«Иә, мұз болды. Себебі ұшақ ол жерде түні бойы тұрған, салқындап қалған. Тазартылды. Біз ұшқанша ұшақтың ол жерде қанша сағат тұрғаны нақты есімде жоқ. Сол күні тұман түскені, ылғалдылық жоғары болғаны, температура төмендегені есімде. Мұз қататындай ауа райы болды», – дейді куә.
Сөзінше, әуежайдағы ұшу-қону жолағы тазартылған, ұшуға кедергі келтірмеген.
«Bek Air ұшағы айналысында техника жүрді, ұшуға дайындап жатты», – дейді куә Шумаков.
Тергеу тарапы экипаж ұшақ қанаттарын мұзға қарсы сұйықтықпен өңдемеген, соның салдарынан апат болды дегенді алға тартып отыр. Айыптау толық осы дерекке негізделген: экипаж салғырттық танытты, өз міндетін тиісті деңгейде атқармады, ұшақ қанатында мұз бар-жоғын тексерместен әуе кемесін тазартпай ұшуға жіберді.
Бұған дейін жәбірленушінің адвокаты Сергей Державец апат болған күні Bek Air ұшағына мұз қатқан-қатпағанын анықтау мүмкін емес екенін айтты.
Маманның сөзінше, қылмыстық іс материалдарында әуежай метеоқызметі тергеу органдарына арнап дайындаған анықтама бар. Құжатта әуежайдағы әуе кемелерінде қар-мұз қалдықтарының болған-болмағаны жөнінде нақты қорытынды жасау мүмкін еместігі көрсетілген.
Ал сотқа бұған дейін сарапшы ретінде қатысқан Исин сол кездегі ауа райы әуежайдағы барлық ұшаққа міндетті түрде мұзға қарсы сұйықтық қолдануды талап еткен деп мәлімдеген.
Bek Air ұшағы апатқа ұшырады
2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан елордаға шыққан ұшақ таңғы 07:22 кезінде екі қабатты құрылыс нысанымен соқтығысқан. Әуе апаты салдарынан 12 адам қаза тауып, 49 адам зардап шеккен. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі болған. Қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі Марат Мұратбаев та бар.
Екінші ұшқыш Мейіржан Молдақұлов ауруханаға түсті. Алайда бір айға жуық уақыттан кейін ұшқыш үйінде қайтыс болды.
Марқұм екі ұшқышқа Қылмыстық кодекстің 344-бабы 3-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген айып тағылған. Бұл бапта әуе көлігі жүрісі немесе оларды пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдай көрсетілген.