
Қаржы мониторингі агенттігі жалған стоматологиялық клиникалардың иелерін іздестіріп жатыр. Іздеуде жүргендер:
Дуйсенов Аслан Қамбарұлы, 01.04.1992 ж.т.
Иманбаев Габбас, 18.05.1998 ж.т.
Елешев Есимхан Баяндиевич, 11.09.1987 ж.т.
«Олар БЖЗҚ-дан 46 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз шығару мақсатында қылмыстық схемаларды ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Бұл мақсатта олар тіс емдеу қызметі көрсетілгендей жалған медициналық құжаттарды рәсімдеген», – делінген ақпаратта.

Үшеуі Маңғыстау және Атырау облыстарындағы 7 стоматологиялық клиниканы пайдаланған. Алайда мекемелер ешқандай медициналық қызмет көрсетпеген.
Үш азаматқа да бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу қолданылды. Ішінде Дүйсенов бұрын полиция қызметкері болған, алайда жұмыстан шығарылған. 2016 жылы ол Қылмыстық кодекстің 105-бабы («Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу») және 362-бабы («Қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану») бойынша ауыр қылмыс жасағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылған.
Іздеуде жүрген тұлғалардың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат болса, төмендегі нөмірге хабарласуға болады: +7 (7172) 70 84 78.
Айта кетейік, 2025 жылдың 15 қыркүйегінен 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін enpf-otbasy.kz платформасында тіс емдеуге өтініш қабылдау уақытша тоқтатылды. Оған дейін Қаржы мониторингі агенттігі стоматологиялық қызмет көрсету тәсілімен 200 млрд теңгені заңсыз шығару фактілері анықталғанын мәлімдеді.
Содан кейін Денсаулық сақтау министрлігі зейнетақы жинағын тіс емдетуге пайдалану мүмкіндігін алып тастауды ұсынды.