Экс-банкир Жомарт Ертаев бостандыққа шықпайтын болды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Жомарт Ертаев бостандыққа шықпайтын болды/коллаж kursiv.media

Ауыр қылмысы үшін сотталған экс-банкир Жомарт Ертаев бостандыққа шықпайтын болды. Бұған дейін оның 144 млрд теңге жымқыруды ұйымдастырғанына қарамастан Конституцияның 30 жылдығына байланысты жарияланған рақымшылыққа ілінгені хабарланды.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның хабарлауынша, Ертаевқа қатысты сот қаулысының күші жойылды.

«Өтінішімді қолдап, әділ шешімге ықпал еткен Бас прокуратура, Алматы облысының прокуроры мен сотына, сондай-ақ мәселені алғаш көтерген журналистер қауымына алғыс айтамын», – деп жазды Құспан әлеуметтік желідегі парақшасында.

Рақымшылыққа қалай ілінді?

Ертаевқа алғашқы сот үкімі 2020 жылы шықты. 2021 жылдың наурызында сот жазаны жеңілдетіп, 11 жылдың орнына 9 жыл жаза тағайындады. Оған рақымшылық қыркүйектің басында жарияланды.

2025 жылдың 2 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Жомарт Ертаев 8 жыл 3 ай 14 күн бас бостандығынан айыру жазасын өтеген. Ол 2018 жылдың 15 қарашасынан бастап қамауда болған, қамаудағы уақыты 1 күні 1,5 күн деп есептелген. Өтелмеген жаза мерзімі – 11 ай 16 күн. Рақымшылыққа ілігу барысында сот оның мінез-құлқын ескерген.

Ертаев не үшін сотталды?

Қазақстандық банкир Жомарт Ертаевқа 2018 жылғы наурызда халықаралық іздеуге жарияланды. Ол 2011-2017 жылдар аралығында қызметін пайдаланып, өзге адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы BANK RBK АҚ-нан 144 млрд теңге жымқыруды ұйымдастырды деген күдікке ілінді.

2018 жылдың мамырында ол Мәскеуде ұсталды. 2019 жылдың 15 наурызында Қазақстанға экстрадицияланды.

Ертаевпен бірге жымқыру ісі бойынша 54 адам күдікті деп танылды. Оның ішінде 40-тан астамы банктің топ-менеджері мен қатардағы қызметкерлер.

2020 жылдың қарашасында Алматы соты Ертаевты Bank RBK-дан 144 млрд теңге жымқырғаны үшін кінәлі деп таныды. Банкир жалған ЖШС арқылы 80 млн доллардан астам несие алуды ұйымдастырған. Сотта Ертаев кінәсін толық мойындады. Жалпы Bank RBK-тен қаржы жымқыру ісі бойынша барлығы 36 адам сотталды.

Жомарт Ертаев туралы толығырақ мына жерден оқуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз