Жаңалықтар

Жомарт Ертаев жаза мерзімін есептеудегі қатеге байланысты бостандыққа шықпайды

Жомарт Ертаев бостандыққа шықпайтын болды/бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы облысы соты экс-банкир Жомарт Ертаевты рақымшылық аясында босату туралы құжаттың не себепті күші жойылғанын түсіндірді.

Бұған дейін мәжіліс депутаты Абзал Құспан сот актісінің күші жойылғанын хабарлады.

Сотта Ертаевқа қатысты рақымшылықты қолдану мәселесі бойынша материал апелляциялық тәртіпте қаралған.

Оның алдында Алатау қаласы соты 2025 жылдың 2 қыркүйегінде Ертаевты рақымшылық аясында босатқан. Өтелмеген жаза мерзімі ретінде 11 ай 16 күн қалғанын көрсеткен.

Алайда апелляция сатысында өтелмеген жаза мерзімінің қате есептелгені анықталған.

«Ертаев 2020 жылғы 16 қарашадағы және 2021 жылғы 3 наурыздағы екі үкім негізінде сотталған. 2021 жылдың 25 маусымындағы Алматы қаласы Алмалы ауданы соты қаулысымен бұл үкімдер жиынтығы негізінде түпкілікті жаза белгіленген», – делінген ақпаратта.

Ал рақымшылық жариялау туралы қаулыда бірінші үкім бойынша өтелген жазаны есептеу мәселесі қарастырылмаған. Сонымен қатар Ертаевқа жаза мерзімі қай үкімнен бастап есептелетіні көрсетілмеген.

«Алатау қаласы сотының қаулысымен №14 мекеменің анықтамасы арасында өтелмеген жаза мерзімі бойынша алшақтықтар бар. Сонымен қатар мекеме анықтамасына басшы қол қоймаған», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Осылайша сотталған Ертаевқа рақымшылық актісін қолдану туралы сот қаулысы күшін жойды.

Жомарт Ертаев не үшін сотталды?

Қазақстандық банкир Жомарт Ертаевқа 2018 жылғы наурызда халықаралық іздеуге жарияланды. Ол 2011-2017 жылдар аралығында қызметін пайдаланып, өзге адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы BANK RBK АҚ-нан 144 млрд теңге жымқыруды ұйымдастырды деген күдікке ілінді.

2018 жылдың мамырында ол Мәскеуде ұсталды. 2019 жылдың 15 наурызында Қазақстанға экстрадицияланды.

Ертаевпен бірге жымқыру ісі бойынша 54 адам күдікті деп танылды. Оның ішінде 40-тан астамы банктің топ-менеджері мен қатардағы қызметкерлер.

2020 жылдың қарашасында Алматы соты Ертаевты Bank RBK-дан 144 млрд теңге жымқырғаны үшін кінәлі деп таныды. Банкир жалған ЖШС арқылы 80 млн доллардан астам несие алуды ұйымдастырған. Сотта Ертаев кінәсін толық мойындады. Жалпы Bank RBK-тен қаржы жымқыру ісі бойынша барлығы 36 адам сотталды.

Ертаевқа қатысты екінші іс

2021 жылдың наурызында Жомарт Ертаев басқа іс бойынша сотталды. Бұл жолы іс Bank RBK, Qazaq Banki, сондай-ақ Еуразиялық банктен несие қаражатын жымқыру туралы болды. Іс бойынша Bank RBK, «DSFK Арнайы қаржы компаниясы» ЖШС, Qazaq Banki және Еуразиялық банк жәбірленуші деп танылды. Іс 430 томнан тұрды. Сотта Ертаев іске қатысты болғанымен, қылмысты ұйымдастырмағанын айтты.

Ертаев 9 жылға бас бостандығынан айырылды, сонымен қатар оның төрт сыбайласы Серік Атабай, Оксана Шестакова, Әлімжан Тлеубаев и Ақан Сұлтанов сотталды.

2021 жылдың наурызында сот Жомарт Ертаевқа қатысты алғашқы қылмыстық іс бойынша жазаны жеңілдетті. 11 жылдың орнына оған 9 жыл жаза тағайындалды.