
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумында жасанды интеллект технологиясын жауапкершілікпен қолданудың маңызына тоқталды.
Тоқаев форумда Астанада Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өткенін атап өтті.
«Жиында білім беру мәселелері қаралды. Әлемге танымал сарапшылармен бірге адам капиталын дамыту мәселесі талқыланды, нақты міндеттер айқындалды. Ең бастысы, жасанды интеллект саласындағы тұңғыш зерттеу университетін құру туралы өте маңызды шешім қабылданды», – деді ол.
Сондай-ақ приезидент бүгін «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығы жұмысын бастайтынын жариялап, орталықты инновациялар мен тың идеялардың мекені деп сипаттады.
«Жалпы, Қазақстан осы саладағы кез келген ынтымақтастыққа ашық. Сондай-ақ біз елімізде екінші суперкомпьютер кластерін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жасанды интеллект тек игі мақсатқа қызмет етуі керек. Адам игілігі басты орында тұрады. «Alem.ai» жасанды интеллектіні барынша тиімді әрі этикалық нормаларға сай қолданатын жаһандық орталық болуға тиіс. Жасанды интеллект технологиясын жауапкершілікпен қолдану өте маңызды. Сондықтан жаңа университет және «Alem.ai» орталығы біртұтас экожүйенің негізгі өзегі ретінде қызмет етуі керек», – деді Тоқаев.
Сонымен қатар президент форумда жасанды интеллектті бейбіт мақсатта ғана қолданудың маңызына тоқталған.