Жаңалықтар

Депутат домбыра жасаушылар үшін «Музыкалық шебер» мәртебесін беруді ұсынды

Депутат домбыра жасаушылар үшін "Музыкалық шебер" мертебесін беруді ұсынды
Депутат домбыра жасаушылар үшін «Музыкалық шебер» мәртебесін беруді ұсынды / фото: the-steppe.com

Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі музыкалық аспап жасайтын шеберлерді қолдау қажеттігін көтеріп, премьер-министр Олжас Бектеновтің атына сауал жолдады.

Депутат домбыра күні енгізіліп, мектепте домбыра пәні оқытыла бастағанымен, сол домбыраны жасаушылар мемлекет назарынан тыс қалып қойғанын атап өтті.

«Филармониялар, этно-ансамбльдер мен оркестрлері – бәрі шебердің еңбегіне сүйенеді. Алайда олар «жай қолөнерші» деген кең категорияның көлеңкесінде марапат пен қолдаудан қалып келді. Бұл тұрғыда олар – ұлттық дыбыстың сақшылары, мәдени қауіпсіздіктің кепілі», – деді Дархан Қыдырәлі. 

Сенатор шеберлік – тек ағаш өңдеу емес, ғылыми-эксперименттік процесс екенін айтады.

«Аспаптың мензурасы, қуысы, қалыңдығы, ішек материалы, лак пен желімнің құрамы, ағаштың табиғи кебуі – мұның бәрі акустикалық нәтиженің теңдеуіне тікелей әсер етеді. Шеберлер күн сайын жасырын лабораториялық жұмысты атқарады: тыңдау – өлшеу – салыстыру – қайта пішу – сынау – жетілдіру. Көне үлгілерді кітаби дерекпен ғана емес, қолдағы тәжірибемен жаңғыртады», – дейді ол.

Осындай ойды көлденең тартқан сенатор төмендегідей ұсыныстар білдірді.

  • «Музыкалық шебер» ұлттық кәсіби мәртебесін енгізу;
  • шеберхана-зертханаларды жаңғырту;
  • ұлттық регистр мен аспапқа арналған акустикалық паспорт, сертификаттау жүйесін енгізу;
  • ұзақмерзімді келісімшарттар жасасу және шеберлерді насихаттау.

Сондай-ақ бүгінгі Сенат отырысында депутат Бекбол Орынбасаров екі жылдан бері «Ата жол» картасын рәсімдей алмай жүрген қандастар мәселесін көтерген.