Жаңалықтар

Мерзімді бұзған мердігерлер енді жаңа тендерден шеттетіледі

Мерзімді бұзған мердігерлер енді жаңа тендерден шеттетіледі
Мерзімді бұзған мердігерлер енді жаңа тендерден шеттетіледі / фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Алматыда құрылыс мерзімін бұзған мердігерлер қала жобаларына қатыстырылмайды. Бұл туралы қала әкімі Дархан Сатыбалды Әуезов ауданындағы әлеуметтік нысандардың құрылыс және қайта жаңғырту барысын тексеру барысында айтты.

Әкімдік мәліметінше, биыл шілдеде №2 Алматы мемлекеттік педагогикалық колледжінің ғимаратына қосалқы ғимарат салу аяқталуы керек еді. Алайда «Golden City DS» ЖШС шартта белгіленген мерзімге үлгермеген. Осыған байланысты Құрылыс басқармасы сотқа талап арыз беріп, оны міндетіне салғырт қараған мердігер ретінде қатысушылар қатарынан шығару және айыппұл өндіру мәселесін көтерген.

Алматы әкімі сондай-ақ мерзімді бұзған мердігерлер жекелеген жағдайда құқық қорғау органдары арқылы жауапкершілікке тартылатынын атап өткен.

«Компания нысанды толық аяқтамайынша, жаңа тендерлерге қатыспайды. Қала құрылысы бақылау басқармасы мәслихат депутаттарымен бірге жұмыстардың сапасы мен қарқынын бақылауға тиіс. Егер заңбұзушылық анықталса, компанияны лицензиясынан айыру қажет», – деді Дархан Сатыбалды.

Алматы әкімдігі осы арқылы қаладағы әлеуметтік нысандардың құрылысы мен мерзіміне бақылауды күшейтпек.

Бұған дейін, Дархан Сатыбалды Тұрғыт Озал көшесіндегі №58 мектеп қасындағы қосалқы нысанның құрылысын аяқтауға екі апта берген.