Арсен Томский Қазақстандағы цифрлық жобаларға инвестиция салмақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.mediа, бильд-редактор Ахатм Зиперов

inDrive негізін қалаушы Арсен Томский Қазақстанда цифрлық жобаларға инвестиция салуға дайын. Бұл туралы ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповамен кездесуінде айтқан.

Арсен Томскийдың айтуынша, компания әсіресе жасанды интеллектке негізделген шешімдерге қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ тараптар платформалық жұмыспен қамтуды дамыту және цифрлық құралдарды енгізу мәселелерін талқылады.

Светлана Жақыпова такси жүргізушілері мен курьерлердің мәртебесіне қатысты Салық кодексіндегі өзгерістер олардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталғанын атап өтті.

Министр ведомствоның бастамаларына да тоқталды. Олардың қатарында «Цифрлық отбасы картасы», «Цифрлық кәсіпорындар картасы» және отбасылардың әл-ауқат деңгейін бағалауға арналған скорингтік жүйе бар.

Кездесу соңында тараптар мемлекет пен бизнестің әріптестігін нығайту мәселесін қарастырды.

Арсен Томский – Forbes Kazakhstan рейтингіне енген Қазақстанға жаңадан келген IT-саладағы миллионер. IT-компаниясының арқасында Томский өзіне 920 миллион доллар көлеміндегі дәулет жинап үлгерді.

Indrive – жолаушылар тасымалдайтын халықаралық сервис. 2022 жылы санкцияларға байланысты кеңсесін Саха республикасынан (Якутия) Қазақстанға ауыстырып, иесі Арсен Томский Қазақстан азаматтығын алды. Жақында Томский Indrive компаниясы Нью-Йоркте IPO-ға шығуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз