
Forbes Real-Time Billionaires дерегіне сәйкес, 1 қазан кешке Илон Масктің байлығы 500 млрд долларға көтерілген. Кейін көрсеткіш сәл төмендеп, қазір 499,1 млрд долларды құрайды.
Масктің дәулетінің өсуіне Tesla акцияларының шамамен 4%-ға қымбаттауы әсер етті. Акциялардың қымбаттауы бір күнде оның байлығын 9,3 млрд долларға арттырды. Tesla акциялары сәуірден бері екі есе өскен. Сол кезде Маск мемлекеттік басқару саласындағы қызметінен кетіп, Tesla-ға көбірек уақыт бөлуге шешім қабылдаған еді.
Forbes мәліметінше, Масктің байлығы тек Tesla-мен байланысты емес. Мысалы, желтоқсаннан бері SpaceX компаниясының құны 50 млрд долларға өсті. Қазір Масктің компаниядағы үлесі 168 млрд долларға бағаланады (42%). Сонымен қатар xAI компаниясының әлеуметтік желі X-пен бірігіп, xAI Holdings құрылуы да байлығын арттырды. Жаңа компанияның құны 113 млрд долларға бағаланған, оның 53%-ы Маскқа тиесілі (60 млрд доллар).
Бұдан бөлек, Масктің Neuralink атты миға чип орнатумен айналысатын компаниясы бар. Ол жалпы саны жеті компанияның негізін қалаған.
Илон Маск алғаш рет 2021 жылы Forbes тізімінде әлемнің ең бай адамы атанған. Сол кезде оның байлығы 271,3 млрд доллар еді.
2024 жылы Informa Connect Academy сарапшылары Масктің байлығы 2027 жылға қарай 1 трлн долларға жетуі мүмкін деген болжам жасаған. Себебі оның дәулеті орта есеппен жылына 110%-ға өсіп отыр.
Әлемнің ең бай адамы Марста тұрғысы келеді. Илон Маск өзіне тиесілі X әлеуметтік желісінде осылай деп жазған.