
Қазақстанның ОПЕК+ алдындағы өтелмеген міндеттемесі көбейіп отыр. Ұйым хатшылығы ұсынған жаңа кестеге сәйкес, Қазақстанның қосымша қысқартуы тиіс мұнай көлемі 2,917 млн баррельге жетті. Бұған дейінгі жоспар 2,63 млн баррель болған.
Яғни Қазақстан келісілген квотадан артық өндірген мұнайын алдағы уақытта қара алтын өндірісін қысқарту арқылы өтеуі тиіс. Жаңа кестеге сәйкес, Қазақтан 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында мұнай өндірісін біраз шектеуге тура келеді.
Мәселен, қараша айында қысқартылатын өнім көлемі 30 мыңнан 86 мың баррельге, желтоқсанда 35 мыңнан 126 мың баррельге дейін жетті. Ал 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында мұнай өндірісі айына 198 мыңнан 656 мың баррельге дейін қысқаруы керек.
Осылайша, Қазақстанға түсетін өтемақы жүктемесі ОПЕК+ елдері арасында ең жоғары болып отыр. Жалпы көлем 2,917 млн баррельді құрайды. Салыстырар болсақ, Ресейдің міндеттемесі небәрі 136 мың баррельге тең.
Бұл жағдай Қазақстанның мұнай өндіру жоспарына айтарлықтай ықпал етіп, 2025–2026 жылдары экспорт түсімі мен өндіріс динамикасын қайта қарауды талап етуі мүмкін.