Lifestyle

Геннадий Головкиннің есімі Халықаралық бокс Даңқ залына ұсынылды

Геннадий Головкиннің есімі Халықаралық бокс Даңқ залына ұсынылды / Фото: Instagram Геннадий Головкин

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин 2026 жылы Халықаралық бокс Даңқ залына (IBHOF) қосылуға үміткер болды, деп хабарлайды BoxingScene.

Дауыс беру бюллетеньдері 1 қазанда таратылды. Дауыс беруге Американың бокс журналистері қауымдастығының мүшелері, сондай-ақ, әртүрлі елдердің спорт корреспонденттері қатысады. Қорытынды желтоқсан айының басында жарияланады.

Головкиннен өзге, үміткерлер тізіміне орта салмақтағы чемпион американдық Вернон Форрест және WBO орта және жеңіл салмақтағы чемпионы ирландиялық Стивен Коллинз кірді.

Геннадий Головкин – қазақстандық кәсіпқой боксшы, WBA, WBC, IBF және IBO нұсқалары бойынша бұрынғы орта салмақтағы әлем чемпионы. GGG лақап атымен кеңінен танымал. Қазір ол Қазақстан Олимпиада комитетінің төрағасы.

Халықаралық бокс Даңқ залы (IBHOF) АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында орналасқан. Даңқ залына қосылу кәсіпқой боксшылар мен функционерлер үшін ең жоғары марапаттардың бірі.