Мажарлықтар өздерінің шығыстағы түп тарихына қызығушылықпен қарайды – Шуйок

Жарияланды
Мажарлықтар өздерінің шығыстағы түп тарихына қызығушылықпен қарайды / Фото: Ақорда

Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан президент Тамаш Шуйок мажарлықтардың Қазақстанмен байланысы ертеден келе жатқанын және олардың шығыстағы түп тарихына қызығушылығы жоғары екенін атап өтті.

«Халықтарымыздың сан ғасырдан бері жалғасқан байланысының тіні берік екенін ұдайы байқап жүрміз. Мажарлықтар өздерінің шығыстағы түп тарихына әрдайым қызығушылықпен қарайды. Сондықтан еліміз Шығыс пен Батыс, Орталық Азия мен Орталық Еуропа арасындағы алтын көпір ретінде миссиясын үнемі атқарып келеді. Президент мырза атап өткендей, 2014 жылы Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылып, бұл қарым-қатынасымыздың негізін қалады», – деді Мажарстан президенті.

Ал Қазақстан президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасында экономикалық байланысқа баса назар аударып өтті.

«Былтыр тауар айналымы шамамен 200 миллион долларға жеткенін, ал биылғы сегіз айда 22 пайыз өскенін (164,5 миллион доллар) ерекше ықыласпен атап өткім келеді. Бүгінде Қазақстан экономикасына 400 миллион долларға жуық инвестиция салған 35-тен аса мажар компаниясы жұмыс істеп жатыр. Біз қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия, денсаулық сақтау, логистика мен қаржы салаларында 607 миллион долларға бағаланатын 20 бірлескен жобаны іске асырып жатырмыз», – деді Тоқаев.

Бұған қоса, президент жыл сайын еліміздің 250 студенті мажар университеттерінде оқитынына тоқталып, білім алмасудың маңызын атап өтті. Келіссөз барысында сауда-инвестиция, энергетика секторы, атом энергиясы, көлік-логистика, қаржы, цифрландыру және жасанды интеллект секілді салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері кеңінен қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз