
Қазақстандық жас жігіт жұмыс күні басталмай тұрып терезе арқылы мейрамханаға кірген. Ол кассадан 420 мың вон және қайырымдылық қорабынан шамамен 70 мың вон ұрлады. Барлығы ол 490 мың вон (шамамен 190 мың теңге) алған. Бұл туралы kyeonggi.com порталы жазған.
Оқиға орнында қазақстандық азамат мейрамхана иесімен кездесіп қалып, қашып кеткен. Оны қуып жетуге жақын тұрған көліктегі полиция қызметкерлері көмектеседі.
Жергілікті полицияның мәліметінше, қазақстандық Оңтүстік Кореяға 2024 жылы жұмысқа орналасу мақсатында келіп, құрылыста жұмыс істеген. Соңғы уақытта ол жұмыссыз болып, Қазақстанға ұшақ билетін сатып алу үшін ұрлық жасаған.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, 126,5 мыңнан астам қазақстандық шет елдерде жұмыс істейді. Оның ішінде Кореяда 15,8 мың адам бар. Қазақстан азаматтарының ең көп саны Ресейде жұмыс істейді – 102 460 адам. 2 997 адам БАӘ-ге, 1 912 адам Ұлыбританияға ақша табуға кеткен.