Жаңалықтар

Конор Макгрегор Ақ үйде өтетін UFC турниріне қатысатынын мәлімдеді

Конор Макгрегор, UFC, бой, Белый дом
Конор Макгрегор Ақ үйде UFC турниріне қатысады / фото:Instagram/@bareknucklefc

UFC-дің бұрынғы чемпионы Конор Макгрегор ұйым басшылығымен Ақ үй аумағында өтетін турнирге қатысуға келіскенін жариялады.

«Келісім жасалды, қол қойылды. Макгрегор Америка тәуелсіздігінің 250 жылдығында Ақ үйде жекпе-жекке шығады», – деді ирландиялық спортшы Fox News телеарнасына берген сұхбатында.

АҚШ президенті Дональд Трамп шілде айында UFC турнирін Ақ үйде өткізу жоспарын жариялаған еді. Оның айтуынша, ивент 2026 жылдың 4 шілдесінде АҚШ Тәуелсіздік декларациясының 250 жылдығына арналады.

Бұл хабардан кейін Макгрегор мансабын қайта жалғастыруға шешім қабылдағанын мәлімдеді. Дегенмен UFC президенті Дана Уайт нақты қатысушылардың есімі тек келесі жылы талқыланатынын атап өтті.

Әзірге UFC ресми түрде ирландиялық файтердің сөзін растамады. Ал турнирдің нақты өтуіне байланысты да сұрақтар көп, өйткені оған дейін тоғыз айдан астам уақыт бар.

Соған қарамастан, Макгрегор бұл тарихи оқиғаға қатысуға бел байлап отыр. Оның қарсыласы ретінде америкалық Майкл Чендлер қарастырылып жатыр. Макгрегордың айтуынша, дайындық процесі жарты жылға созылады.

«Менің ойымша, бұл жекпе-жекке дайындыққа алты ай кетеді. Қазір бар назарымды соған аударып отырмын. Бұл үлкен мүмкіндік, мен қатты қуаныштымын», – деді ол MMA Fighting басылымына.

Айта кетейік, 36 жастағы Конор Макгрегор UFC-де бір емес, екі салмақ дәрежесінде чемпион атанған. Featherweight (66 кг) пен Lightweight (70 кг) дивизиондарында белбеуді иеленді. Жалпы алғанда, ирландиялық спортшы 28 кездесу өткізіп, 22-сінде жеңіске жетті, алты рет жеңіліске ұшырады. Ішінде ең есте қаларлық, тарихқа енген жекпе-жегі ресейлік Хабиб Нұрмағамедовпен болған кездесуі.