
Қазақстанда GetContact қосымшасы қайтадан жұмыс істей бастады. Қосымшаны AppStore мен PlayMarket-тен жүктеп алуға болады.
Бұл қосымша елімізде алғаш рет 2017 жылы кеңінен танымал болды. Сол кезде қазақстандықтар оны жаппай орнатып, тіпті премиум-жазылым сатып ала бастады. GetContact-тың басты ерекшелігі: қажетсіз қоңырауларды бұғаттай алады әрі қолданушыға басқа адамдардың телефон кітапшасында қалай сақталғанын көрсету мүмкіндігі бар. Осы функциясы үшін қосымша ерекше танымалдыққа ие болған еді.
Алайда 2018 жылы Ақпарат министрлігі GetContact қосымшасын бұғаттау туралы шешім қабылдады. Ведомствоның ресми мәлімдемесінде қосымша «Жеке деректер және оларды қорғау туралы» заңды бұзғаны айтылған болатын.
Енді міне, бірнеше жыл өткен соң қосымша қайтадан қолжетімді болып отыр. Қолданушылар оны еркін жүктеп алып, толыққанды пайдалана алады.