
Депутат орынтағы қанша тұрғанын Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ашық мәлімдеді. Ол бұдан кейін бұл саудаға жол бермейтінін жеткізді.
Қырғызстандағы жаңа сайлау туралы заңның таза әрі ашық сайлау өткізуге мүмкіндік жасайтынын айтты.
24 kg ақпаратына қарағанда, бұл туралы ол «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Оның сөзінше, бұрын Жогорку Кенештегі депутат орынтағы 100 мыңнан бастап 1 миллион АҚШ долларына дейін сатылып келген. Президент енді орындардың сатылмайтынын жеткізді.
«Бұдан былай әрбір кандидат тек өзінің абырой-беделі мен халық сенімінің арқасында күреседі», – деп атап өтті Садыр Жапаров.
Президенттің айтуынша, республика 30 округке бөлінген. Әрқайсынан үш депутат сайланады. Сонымен қатар бір орын гендерлік теңдік қағидасына сәйкес қарастырылған.
Садыр Жапаров кандидаттарға қойылатын талаптарға да тоқталды. Олардың ішінде 300 мың сом көлемінде жарна төлеу міндеті бар. Президенттің пікірінше, бұл беделді ұстаздар мен дәрігерлер үшін кедергі болмайды. Өйткені оларды туыстары мен қауымдастық қолдай алады. Жиналған қаражат сайлауды ұйымдастыруға жұмсалады. Бұл бюджетке түсетін салмақты азайтады.
Мұның алдында Садыр Жапаров өлім жазасын енгізуді тапсырған болатын.