Жаңалықтар

Президент мемлекеттік басқару жүйесіндегі цифрландыру мәселесін көтерді

Президент мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа философиясын атады /фото: Ақорда
Президент мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа философиясын атады /фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру және нейрожеліні кеңінен қолдану мәселесіне ерекше назар аударып отыр.

Оның пікірінше, бұл мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа философиясына айналуға тиіс.

Цифрлық сараптама

«Әрбір жаңа мемлекеттік қызмет көрсету ең әуелі сандық формат жасақталуға тиіс. Бұрын ұсынылған мәліметтерді қайта сұратудың керегі жоқ. Бұдан бөлек, мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасына байланысты барлық нормативтік актілер бекітілгенге дейін міндетті түрде цифрлық сараптамадан өткізілуі қажет», – деді президент.

Тоқаевтың пікірінше, мұның нәтижесінде азаматтар мен кәсіпкерлер бюрократиядан құтылады. Олардың мемлекеттік институттарға деген сенім нығая түспек.

Стратегиялық жоспарлаудың тиімділігі

Президент бұл шаралар біз үшін жаңашылдық саналатынын айтты. Бұл еліміздің цифрлық саясатының ұзақ мерзімді әрі жүйелі бағытын көрсетеді. Қазіргі кезде технология үлкен деректерді өңдеуге, әлеуметтік саладан бастап негізгі экономикалық көрсеткіштерге дейінгі көптеген саланы талдауға қабілетті. Яғни стратегиялық жоспарлаудың тиімділігін айтарлықтай жетілдіреді.

Жаңа философия

«Сәйкесінше, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға және экономикалық өсімді арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар халық несие беруден бастап мемлекеттік қызмет көрсетуге дейінгі алгоритм жүйелерінің қалай жұмыс істейтінін білуі әрі түсінуі керек», – деді Тоқаев.

Президент цифрландыру және нейрожеліні кеңінен қолдану Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа философиясына айналуға тиіс екенін айтты.