
Израиль Әскери-теңіз күштерінің кемелері Газа секторына жетпек болған көмек флотилиясындағы бірнеше кемені тоқтатты. Олардың ішінде белгілі экобелсенді Грета Тунберг те болған. Қазір ол кемедегі басқа жолаушылармен бірге Израиль портына жеткізілді деп хабарлайды елдің СІМ-і.
«Грета мен оның достары қауіпсіз жерде және аман-есен», – деп жазылған Израиль билігінің хабарламасында.
Биыл маусым мен шілде айларында еуропалықтар теңіз арқылы Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізуге талпыныс жасады. Бірақ Израиль әскери күштері жүк тиеген бірнеше кемелерді ұстап, экипажын қамауға алып, кейін елден шығарды. Маусым айында Грета Тунберг те Газа жағалауынан шамамен 185 шақырым қашықтықта тоқтатқан флотилияда болған еді.
Ал осы қазанда ұсталған флотилия тамыз айының соңында Барселонадан теңізге шыққан. Ол 40-тан аса қайықтар мен желкенді кемелерден тұрған, борттарында жүздеген адам, соның ішінде Грета Тунберг те болған.
Түсіндіре кетейік, Газа секторында аштық басталды деген хабарламадан кейін, халықаралық қауымдастық өз күшімен көмек жіберуді бастады. Осы жылы жазда кемінде 46 елдің құқық қорғаушылар, заңгерлер, белсенділер ұйымдасып, теңіз арқылы Газаға гуманитарлық көмек жеткізуге тырысты. Бірақ Израиль билігі ол флотилияларды Газа секторына кіргізбейтінін мәлімдеген.
Грета Тунберг – шведтік экобелсенді, климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық қозғалыстың символына айналған тұлға. Нобель бейбітшілік сыйлығына бірнеше рет ұсынылған.