Екі жылдан бері 150 қандас «Ата жол» картасын рәсімдей алмай жүр

Қазақстанға келіп, азаматтық алу – қандастар үшін әлі де бюрократияға толы, қиын үдеріс. Соның салдарынан шетелде тұратын, білікті маман атанған кейбір этникалық қазақтар азаматтық алудан түбегейлі бас тартады. Сенат отырысында депутат Бекбол Орынбасаров осы мәселені көтерді.
Депутат сөзінде Швейцарияда тұратын дәрігер Серік Тұрсынның жайын мысалға келтірді. Ол шетелдегі тәжірибесін елде пайдаланып, қымбат аппараттар сыйлауға да дайын болған. Бірақ азаматтық ала алмайды.
«Ресми құжаттар оның ішінде паспортты рәсімдеуде артық талаптар қойылып жатыр. Бұл іс жүзінде қажет емес сияқты. Мысалы, Швейцария азаматы, этникалық қазақ, дәрігер-оқыушы Серік Тұрсын бірнеше мәрте уәкілетті органға жүгінгенмен мәселесін шеше алмаған. Маған және әріптесім Нұртөре Жүсіпке жолығып, кезіккен қиындықтарын баяндады. Ол қазақстандық денсаулық сақтау жүйесіне көпжылдық тәжірибесін енгізуге және 100 мың доллар тұратын ультрадыбыстық аппаратты елге әкеліп, халық игілігіне пайдалануды жоспарлаған еді. Алайда оның бұл игі бастамалары орынсыз бюрократиялық кедергілерге тап болып, іске аспай қалды. Нәтижесінде қандасымыз Қазақстан азаматы болудан үмітін үзіп, елге оралудан түбегейлі бас тартты», – деп түсіндірді депутат.
Оның сөзінше, ең басты мәселенің бірі – құжат рәсімдеу үдерісінің тым ұзақтығы мен мемлекет органдары арасындағы жауапкершіліктің нақты бөлінбеуі болып тұр. Соның салдарынан қандастар тұрақты тұруға рұқсат алу кезінде орынсыз бюрократиялық тосқауылдарға жиі тап болады.
«2023 жылы президенттің «Ата жол картасы» туралы бастамасы жарияланғаннан бері көптеген дамыған елдерден шамамен 150 этникалық қазақ келіп, «Ата жол» картасын пайдалануға ниет білдірген. Алайда осы уақытқа дейін олардың ешқайсысы ойларын жүзеге асыра алған жоқ. Бұл құралдың өзіне жүктелген міндеттерді орындай алмай отырғанын, ал қандастарымыздың әлеуеті іске аспай отырғанын атап өту керек», – деді Бекбол Орынбасаров.
Мәселені реттеу үшін ол «Көші-қон туралы» заңда «Ата жол» картасына ресми мәртебе беруді және оны алу қағидаттарын заңмен бекіту ұсынды.
«Ата жолы» картасы – шетелде тұратын этникалық қазақтарға Қазақстанда белгілі ұтымды жағдайларда тұруға, жұмыс істеуге және кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік беретін арнайы құжат. Ол жайлы 2022 жылы қыркүйектегі жолдауында Тоқаева айтқан, 2023 жылдан бастап іске қосылды.
Осы жылы шілдеде шетелдегі этникалық қазақтармен байланысты нығайту үшін үкімет олар жайлы мәлімет жинап жатқанын хабарлаған еді. Қазақтар туралы тізім цифрлы Migration.enbek.kz көші-қон платформасының бір бөлігіне айналуы керек.