
Қазақстан жасанды интеллектіге маманданған университет ашу кезінде БАӘ-ге сүйенеді. Олардың әлемдегі алғашқы IT университет құрудағы тәжірибесі өзекті. Бұл туралы Ақордада Тоқаев пен БАӘ-нің жасанды интеллект, цифрлық экономика және қашықтан жұмыс істеу мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрі Омар Әл-Оламамен кездесуінде айтылды.
Президент БАӘ жасанды интеллект технологияларын қолдану және дамыту ісінде әлемдік көшбасшы саналатынын айтты. Сонымен қатар бірлескен күш-жігердің арқасында ІТ секторында бірқатар маңызды жобалар іске асырылғанына тоқталып, әріптестікті одан әрі нығайтуға ниет танытты.
Кездесуде Smart City бірлескен жобасына ерекше мән берілді. Бүгінде бұл жұмыс бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, 1 қазанда Тоқаев жасанды интеллект (ЖИ) саласында мамандар даярлайтын мамандандырылған зерттеу университетін құруды тапсырған еді. Университетке ерекше мәртебе беріледі. Ал оның жұмысына әлемнің үздік жоғары оқу орындары тартылады.

Digital Bridge 2025 халықаралық форумының алаңында Тоқаев Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровпен де кездесті. Ол еліміздің цифрлық дамуына үлес қосқан Telegram мессенджерінің қызметіне жоғары баға берді. Компания ресми түрде Astana Hub кластерінің қатысушысы атанды. Қазақстанда кеңсесін ашып, AIem.АІ орталығында ЖИ-зертханасын іске қосты.

Тоқаев Binance компаниясының негізін қалаушы Чанпэн Чжаоны да қабылдады. Ол әлемдік криптовалюта индустриясы мен қаржы технологиясының экожүйесін қалыптастыруға Чанпэн Чжаоның қосқан үлесін жоғары бағалады.
Айта кетейік, Чанпэн Чжаоның 2022 жылы Қазақстанға жасаған сапарының қорытындысы бойынша Binance Lab базасында криптоиндустрияның өңірлік хабын ашуға келіскен еді. Сол сәттен бері елімізде блокчейн және криптотехнология салаларында көптеген перспективті жобалар мен бастамалар іске асырылып келеді.

