
ChatGPT жасаушы OpenAI компаниясының қызметкерлері акция сатуды аяқтады. Құны 500 млрд долларға бағаланған компания әлемдегі ең қымбат стартап атанды. Бұл туралы Kursiv.Media Bloomberg мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Басылымның OpenAI компаниясындағы жағдаймен жақсы таныс дереккөзінің айтуынша, қазіргі және бұрынғы қызметкерлер шамамен 6,6 млрд долларға акция сатуды аяқтаған. Сауда барысында компанияның өзінің құны 500 млрд доллар деп бағаланған.
Осылайша, ChatGPT иесі миллиардер Илон Масктің SpaceX-ін артта қалдырып, әлемдегі ең қымбат стартап атанды. Бұған дейін компания 300 млрд доллар тұрады деп бағаланған.
Bloomberg мәліметінше, қызметкерлер акцияларды инвесторлар тобына сатқан. Олардың арасында Thrive Capital, SoftBank, Dragoneer Investment Group, MGX және T. Rowe Price бар. Басылым мұндай мәліметті дереккөзге сүйене отырып таратты.
Ең қымбат стартап болса да, жасанды интеллект саласында OpenAI-ға бәсеке бола алатын ойыншылар көп. Мәселен, Meta Platforms компаниясы да «суперинтеллект» дайындау үшін мықты мамандарды өз тобына белсенді түрде тартып жатыр. Соған байланысты OpenAI қызметкерлерін ұстап қалу үшін акция сатуға рұқсат берген.