
Сенатор Геннадий Шиповских премьер-министрге депутаттық сауал жолдап, Республикалық психиатриялық аурухананың сын көтермейтін жағдайына назар аударды.
Бұл диспансер – аса ауыр қылмыс жасаған психикалық ауытқуы бар адамдарды мәжбүрлеп емдейтін жалғыз орталық. Ол Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Ақтас ауылында орналасқан.
Сенатор сауалды үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдады. Депутаттың айтуынша, аурухананың қазіргі жағдайы науқастарға ғана емес, тұтас қоғамға да қауіп төндіреді.
«Мұнда террористік және экстремистік ұйымдардың қатысушылары, шетелдегі соғысқа қатысқандар, кісі өлтірушілер, каннибалдар, педофилдер және өзге де аса ауыр қылмыс жасағандар мәжбүрлі түрде емделіп жатыр», – дейді Шиповских.
1972 жылы салынған ғимаратқа әлі күнге дейін жөндеу жүргізілмеген. Стратегиялық нысанның қазіргі жағдайы жан ауыртарлық.
«Палаталар тар. Пандустар мен лифтілер жоқ. Санитария-гигиена талаптарына сай келмейді», – деді депутат.
Сенатор маман тапшылығын да ерекше атап өтті. 750 штаттың 647-сі ғана қамтылған.
«Төмен жалақы мен әлеуметтік пакеттің болмауы қызметкерлерді, әсіресе кіші медицина персоналын және шаруашылық мамандарын ұстап қалуға мүмкіндік бермей отыр».
Соған байланысты депутат аурухананы стратегиялық маңызы бар нысандар қатарына енгізуді, корпус құрылысын бастауды, қолданыстағы ғимаратқа жөндеу жүргізуді, қызметкерлер айлығын көтеруді сұрайды.