Төтенше жағдайдан зардап шеккен бизнес шығыны қалай өтеледі

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Төтенше жағдайдан зардап шеккен бизнес шығыны қалай өтеледі
Төтенше жағдайдан зардап шеккен бизнес шығыны қалай өтеледі / фото: shutterstock

Ұлттық экономика министрлігі табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің мүліктік шығынын өтеу қағидасын бекітті. Құжат 11 қазаннан бастап күшіне енеді.

Ережеге сәйкес зардап шеккен кәсіпкерлерді есепке алуды әкімдіктер жанындағы өңірлік комиссия жүзеге асырады. Оларға төмендегідей функциялар жүктелген:

  • ШОБ субъектілерінің тізімін қалыптастыру;
  • өтемақы мөлшерін анықтау;
  • залалды өтеу өтінімін қарау;
  • құжаттардың қабылдануын бақылау.
  • істі қосымша сараптамаға жіберу (қажеттілікке қарай)

Бекітілген қағидаға сәйкес, жоғалған мүліктің, оның ішінде ғимараттың, автокөліктің, жабдықтың, тауарлық-материалдық құны, сондай-ақ қалпына келтіру жұмыстарына арналған шығын өтелуге тиіс. Егер мүлік заңнамаға сәйкес сақтандырылған жағдайда, бұл ереже жүрмейді.

10 млн теңгеге дейін залал үшін өтемақы мемлекеттік кіріс органдарының кәсіпкердің орташа айлық айналымы немесе табысы туралы дерегі негізінде есептеледі. Ұсынылған сомамен келіспеген жағдайда оның мөлшері сот-бухгалтерлік немесе сот-тауар сараптамасы арқылы айқындалуы мүмкін.

Егер залал 10 млн теңгеден асатын болса, сондай-ақ жабдықтар мен жылжымайтын мүлік объектілерінің өтемақы мөлшері жоғалған мүлікті бағалау туралы есеп, ақаулы ведомость және жобалау-сметалық құжаттама негізінде айқындалады.

Өтемақы өтінішін өңірлік комиссиялар төтенше жағдай туындаған сәттен бастап, күнтізбелік 180 күн ішінде қабылдайды. Олар қабылдаған шешімнің негізінде әкімдіктер бес жұмыс күні ішінде зардап шеккен ШОБ субъектілерінің тізілімін қалыптастырады. Онда мүлік иесі, өтемақы сомасы, қаржыландыру көзі мен кәсіпкерлердің санаты көрсетіледі.

Сондай-ақ оқыңыз