
Бүгін, 2-қазанда Астанада Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумы басталды. Ауқымды форумның алғашқы пленарлық отырысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қатысып, маңызды мәлімдемелер жасады.
Президент сөз басында «Digital Bridge» өте маңызды пікір алмасу алаңына айналғанын, әрі мұнда жаһандық өзгерістер мен цифрлық экономиканың болашағы туралы өзекті ойлар айтылатынын атап өтті. Жалпы форум жұмысына 67 мыңнан астам адам, 500-ден аса ІТ-компания және 100 елдің өкілі қатысқан.

Жасанды интеллект бейбіт мақсатта ғана қолданылуға тиіс
Сондай-ақ Тоқаев жасанды интеллектіні бейбіт мақсатта ғана қолданылу керектігіне айрықша тоқталды. Өйткені отыз жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздік жолын таңдап, ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан болатын. Сол себепті бұл бастама да тек игі бастамаға айналу керекекенін айтты.
«Бүгінде еліміз жасанды интеллект бейбіт мақсатта ғана қолданылуға тиіс деп батыл түрде мәлімдейді. Оның әскери салада, кибершабуылдарға және халықаралық тұрақтылыққа қатер төндіретін жобаларда пайдаланылуына жол беруге болмайды», – деді Президент.
Тоқаев Қазақстан үш жыл ішінде нағыз цифрлық елге айналу керектігін де айтты. Бұл күнтәртібіндегі маңызды міндеттердің бірі.
«Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды
Digital Bridge 2025 халықаралық форумының басты жаңалығының бірі Астанада «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығының ашылуы болды. Приезидент бүгін «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығы жұмысын бастайтынын жариялап, орталықты инновациялар мен тың идеялардың мекені деп сипаттады.
«Жалпы, Қазақстан осы саладағы кез келген ынтымақтастыққа ашық. Сондай-ақ біз елімізде екінші суперкомпьютер кластерін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жасанды интеллект тек игі мақсатқа қызмет етуі керек. Адам игілігі басты орында тұрады. «Alem.ai» жасанды интеллектіні барынша тиімді әрі этикалық нормаларға сай қолданатын жаһандық орталық болуға тиіс. Жасанды интеллект технологиясын жауапкершілікпен қолдану өте маңызды. Сондықтан жаңа университет және «Alem.ai» орталығы біртұтас экожүйенің негізгі өзегі ретінде қызмет етуі керек», – деді Тоқаев.

Директорлар кеңесінің құрамына виртуалды ЖИ-мүше де кіреді
Форумда ЖИ-дің нәтижелі жұмыстары жайлы да сөз қозғалды. Мәселен, «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінде виртуалды ЖИ-мүше пайда болды. Оны Digital Forum шарасында арнайы Тоқаевқа таныстырған.
«Бүгін маған «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің ЖИ технологиясымен жұмыс істейтін виртуальді мүшесінің қызметін көрсетті. Бұл – ұлттық суперкомпьютер мен Қазақстандағы Alem LLM үлкен тілдік модель базасында іске асырылған Орталық Азиядағы алғашқы жоба. Ішкі үдерістердің бәрін оңтайландыруға септігін тигізетін мұндай шешімнің маңызы зор», – деді ол туралы президент.

Нейрожүйе «Самұрық-Қазына» қорының ішкі және сыртқы құжаттарды, сонымен қатар директорлар кеңесінің 2008 жылдан бергі шешімдерін және басқа да жинақталған материалдарды талдаумен айналысады.
ЖИ-дің сын-қатерін де ескеру керек…
Дегенмен ЖИ-дің жетістіктерімен қатар, оның сын-қатері де қатар жүреді. Мұны Президенттің өзі де ашып айтты.
Тоқаев сол себепті ЖИ пайдалану үшін тиісті заңнамалық негіз қалыптастыру қажеттігіне назар аударды.
«Тағы бір мәселе. Озық технологияларды қолдану, бір жағынан, пайдалы және тиімді болғанымен, екінші жағынан, сын-қатері де аз емес. Сондықтан Жасанды интеллектіні пайдалану үшін тиісті заңнамалық негіз қалыптастыру – аса өзекті міндет. Бұл бағытта біраз жұмыс істелді, әлі де істеліп жатыр«, — деді Президент Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумында.

Президент осы саладағы негізгі құжат – Цифрлық кодексті жедел қабылдау үшін нақты шаралар жасалып жатқанына да айтты. Кодексте экономика, білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару салаларын жаппай цифрландыру жүйесі айқындалатын болады.
Форум атауын AI Bridge деп өзгертуді ұсынылды
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жылдары да адамзат дамуының негізгі бағдары ЖИ-ге тікелей байланысты болатынын жеткізді. Сондықтан келесі жылдан бастап форумды AI Bridge деп атауды жөн санады.
«Қазір әлем жұртшылығының алдында жасанды интеллектінің болашағына қатысты түрлі таңдау тұр. Оның кейбірі шексіз мүмкіндіктерге жол ашады. Ал енді бірі үлкен сын-қатерлерге душар етуі мүмкін. Дегенмен бір нәрсе анық – келешегіміздің қандай болары біздің бірлесіп әрекет ете білуімізге байланысты.
Павел Дуров Қазақстанда ЖИ зертханасын ашты
Форумда мультимиллардер, Telegram негізін қалаушы Павел Дуров та бой көрсетті. Ол сөзінде Астанада жасанды интеллект зертханасын ашқанын ресми мәлімдеді.
«Бір жыл бұрын біз алғашқы аймақтық кеңсемізді Қазақстанда ашқан едік. Қазір сол жұмыстың нәтижесін көріп отырғанымызға қуаныштымыз. Бүгін осы Alem.AI ғимаратында жасанды интеллект зертханасының ашылғанын ресми түрде жариялағаныма мақтанамын. Алғашқы жоба – Telegram мен Қазақстанның суперкомпьютерлік кластері арасындағы бірлескен жоба болады. Бұл жобаны Қазақстандағы Жасанды интеллект министрлігі іске қосады», – деді ол Астанада өткен Digital Bridge форумында.

Оның айтуынша, соңғы бірнеше айда Telegram блокчейн мен жасанды интеллекті біріктіретін жаңа технологиямен жұмыс істеп жатыр. Бұл технология 1 миллиардтан астам адамға ЖИ функцияларын қолдануға мүмкіндік береді. Мұндай функциялар деорталықтанырылған компьютерлік жүйе арқылы жеке әрі ашық түрде жүзеге асады.
Форумға кімдер келді
Айта кетейік жиынға Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок арнайы қатысты. Бұдан бөлек спикерлердің қатарында Telegram негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Павел Дуров, Sinovation Ventures және 01ai бас директоры Ли Кай Фу, Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері, Google сарапшысы Питер Норвиг, G42 International компаниясының бас директоры Мансур Ибрагим Әл Мансури, Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стребулаев және high-tech индустриясының басқа да өкілдері бар.