Жаңалықтар

Қазақстан ОПЕК+ шешімін қолдайды – Тоқаев

Тоқаев ОПЕК бас хатшысы Хайтам әл-Гаисты қабылдады/фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев ОПЕК бас хатшысы Хайтам әл-Гаисты қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Кездесуде әлемдік мұнай нарығының қазіргі жағдайы мен ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Тоқаев ОПЕК-тің жаһандық мұнай нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерін жоғары бағалады. Сондай-ақ Хайтам әл-Гаистың сапарын еліміз бен ұйым арасындағы конструктивті диалогты дамытуда маңызды қадам ретінде қарастыратынын айтты.

Президенттің сөзінше, Қазақстан ұлттық мүддені қорғауға басымдық бере отырып, мұнай өндіру көлемін біртіндеп ұлғайту жөніндегі ОПЕК+ шешімін қолдайды.

«Әңгімелесу барысында өңірдегі энергетикалық жүйенің орнықтылығын нығайту бағытындағы бірлескен шаралар пысықталды. Сондай-ақ мұнай өндіруші елдер мен көмірсутегін импорттаушы мемлекеттер арасындағы мүдделер теңгерімін сақтаудың маңызына мән берілді», – делінген ақпаратта.

Айта кетейік, Қазақстанға түсетін өтемақы жүктемесі ОПЕК+ елдері арасында ең жоғары болып отыр. Сарапшылар сөзінше, бұл жағдай Қазақстанның мұнай өндіру жоспарына айтарлықтай ықпал етуі мүмкін.