Жаңалықтар

Елдегі әр бесінші бала семіздікке шалдыққан

Артық салмағы бар бала саны 1,9 миллионнан асуы мүмкін/фото: shutterstock

Елдегі 6-9 жас аралығындағы әр бесінші бала семіздікке шалдыққан. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан дөңгелек үстелде Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті Ақкүміс Салханова мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Сөзінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы артық салмағы бар бала саны жыл сайын өсіп келе жатқанына дабыл қаққан. Қазақстандағы жағдай да көңіл көншітпейді.

«Қазір елімізде 6-9 жас аралығындағы әр бесінші балада артық салмақ бар немесе семіздікке шалдыққан. Осы үрдісті тоқтатпасақ, 2035 жылға қарай артық салмағы бар балалар мен жасөспірімдер саны 1,9 миллионнан асуы мүмкін», – дейді Салханова.

Салдарынан келешекте жастар қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және басқа да созылмалы ауруларға шалдығуы мүмкін.

Сондай-ақ бұл экономикаға да әсер етеді. Дүниежүзілік семіздікке қарсы федерациясының болжамына сәйкес, артық салмақ Қазақстанның жалпы ішкі өнімін жыл сайын 2-2,5%-ға дейін төмендетуі мүмкін.