Түнгі уақытта отшашу атқан азамат жазаланды
Жарияланды

Қостанай облысының тұрғынына түнгі уақытта отшашу атқаны үшін айыппұл салынды.
Облыстық соттың мәліметінше, оқиға Лисаков қаласында 20 қыркүйекте сағат 23:15 шамасында болған. Мейрамхананың жанында ер адам пиротехникалық отшашуды атып, тұрғындардың мазасын алған.
Ол бірінші кезекте отшашуды қоғамдық орында атқаны үшін айыпталған. Сотта азамат өзінің кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтқан. Сол күні үйленгеннен кейін отшашу атқысы келгенін айтып, ақталған.
Оған 55 048 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.