
Алматыдағы тергеу изоляторына тыйым салынған зат жеткізудің ерекше әрекеті тіркелді. Тексеру барысында қызметкерлер тамақтың ішінен смартфон тауып алды.
Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, құрылғы полиэтилен мен фольгаға оралған күйінде қамыр мен еттің астына жасырылған. Телефон тәркіленіп, бұл факт бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Іс материалдары сотқа жолданды. Енді жіберушілерге әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін.
Мекеме өкілдері мұндай жағдай жиі кездесетінін атап өтті. Бұған дейін смартфондарды шайникке, нанның ішіне, тіпті кір жуғыш ұнтақтың қаптамасына жасырып өткізуге талпыныстар болған.