
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай туған жерінде ашылған еңселі ескерткіш пен жаңа мәдениет үйінің ашылуына арнаулы құттықтауын жолдады.
«Нұрғиса Тілендиев өркениетіміздің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Оның мұрасы әлі талай ұрпаққа тағылым береді. Ұлы композитордың есімі қазақ мәдениетімен бірге мәңгі жасай береді», – делінген Президент құттықтауында.
Салтанатты шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.
400 орындық жаңа мәдениет үйінде көрме залдары ашылып, мерейтойлық концертте дәулескер күйшінің әндері мен күйлері шырқалды. Ал еңселі ескерткіштің биіктігі – 4,35 метр. Оны белгілі мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов сомдады.
Айта кетсек, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы 2025 жылды «Нұрғиса Тілендиев жылы» деп жариялады. Осыған орай Анкара, Париж, Нью-Йорк, Бейжің, Мәскеу және Алматыда халықаралық мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда.