Қарағандыда 38 жастағы еркек 15 жасар қызды зорлап, «үйленіп» алған

Қарағандыда 38 жастағы ер адам 15 жастағы оқушысымен «неке» қиған. Жан түршігерлік іс бойынша жабық сот процесі басталды.
Kazinform ақпаратына қарағанда, ер адам кәмелетке толмағанды зорлады деген айыппен сотталып жатыр. Оған 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін.
Діни жоралғы
Оқиға биыл наурыз айында Абай қаласында болған. Тергеу деректеріне сәйкес, қыздың анасы мен өгей әкесі оны отбасының ескі досына діни жоралғы бойынша тұрмысқа берген. Жасөспірім бірнеше күн «күйеуінің» үйінде болған. Өзінің айтуынша, зорлық көрген. Кейін ол туған әкесіне қашып барып, полицияға арызданған.
Бүгінде айыпталушының орнында тек 38 жастағы ер адам отыр. Алайда мектеп оқушысының әкесі қылмыстық жауапкершілікке анасы мен өгей әкесін де тарту керек деп санайды.
«Бұл – қылмыс!»
«Біздің қызымызды күйеуі екеуі өздерінің досына тұрмысқа берді. Бұл жай қателік емес – бұл қылмысқа қатысу. Олар баланың өмірін құртып отыр, ал қазір сот залында жай ғана куәгер ретінде отыр», – деді әкесі.
Әкесінің айтуынша, ол жаз айларында жергілікті прокуратураға өтініш түсірген. Бірақ бұған жауап алмаған. Қыркүйекте Бас прокуратураға да арызданыпты. Ол тек «күйеуді» ғана емес, анасы мен өгей әкесін де жауапқа тартуды талап етті.
Видео айғақ
Әке арызға дәлел ретінде «әжейдің қыздың ата-анасын тұрмысқа беруге үгіттеген» аудиожазбасын және «анасы мен өгей әкесінің баланы «азғынсың» деп айқайлап кінәлаған» видеосын ұсынған.
Бұған дейін қамқоршылық органдары анасы мен оның жұбайын ата-ана құқығынан айыру жөнінде сотқа талап арыз түсірген еді.
Әке уәжі
Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Себебі отбасының екі баласы бар және әйелдің өзі жүкті болған.
Оқушы қыздың әкесі мұндай шешімді «әділетсіз» деп санайды. Істі қайта қарауды талап етуде.
Мұның алдында депутат педофилдер мен каннибалдарды емдейтін мекеме туралы айтқан еді.