
Астанадағы Digital Bridge форумындағы басты талқылауға журналистерді кіргізбеді. Бұл туралы шарадан хабар таратқан Kursiv.Media тілшісі хабарлайды.
2-4 қазан күндері Астанада Digital Bridge 2025 форумы өтіп жатыр. Шараны ұйымдастырушылар ең ірі халықаралық технологиялық шара ретінде сипаттайды. Бірақ іс жүзінде шара бұл анықтамаға сай болмай тұр.
Ең нашар ұйымдастыру
Форумнан хабар таратуға барған журналистер ұйымдастырылудың өте нашар болғанын, тілшілердің кіруі шектелгенін айтады. Жиынның бірінші күні шараға президент Тоқаев келіп сөз сөйледі. Ол күні журналистерді баспасөз-орталығына жинады. Тілшілер форум болып жатқан алаңнан емес, онлайн-трансляцияны тыңдап хабар таратты.
Екінші күндегі басты шараның бірі – Astana Hub Battle технологиялық стартаптар конкурсының финалы еді. Бұл байқаудағы әділ қазылар алқасында Телеграм негізін қалаушы Павел Дуров, inDrive негізін қалаушы Арсен Томский, Kaspi.kz теңқұрушысы және басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин болды.
Ең негізгі спикерлер жиналған шараға тағы да журналистерді кіргізбеді. Олар үшін баспасөз-орталығынан онлайн-трансляция болатынын айтып, залға кіргізуден бас тартты.
«Онлайн-трансляциядан көре салатын болсақ, формуға тіркеу ашып неге шақырды?»
«Ең нашар ұйымдастыру. Қолжетімділік және ыңғайлылық жағынан ең әлсіз форум», – болды деп жазады тілшілер журналистер чатында.
Ұйымдастырушы Astana Hub өкілдері тілшілерді залға кіргізбеу себебін айтпады.
Толып жүрген студенттер
Digital Bridge 2025 форумына кіру ақылы, билет сатып алу керек. Стандарт пакетіндегі билеттер 14 мың теңгеден басталады. Бірақ негізгі қонақтардан бөлек жиында студенттердің де көп екенін байқауға болады.
«Мұнда студенттер толып жүр. Егер форум ақылы болса, оларды неге әкелгені белгісіз. Қатысушыларды да, журналистерді де QR-код, бейджикпен тексеріп кіргізіп жатыр. Бірақ студенттердің қалай кіргені түсініксіз. Соның салдарынан адам өте көп, шу. Түсіну мүмкін емес», – дейді Kursiv.Media тілшісі Азамат Серікхан
«Сессия болатын зал мұншалықты адамға арналмаған. Демалатын ауа жоқ», – дейді тілшілердің бірі журналистер чатында.
Адам тым көп болғандықтан,нтернет байланысы да нашар болған.
Kursiv.Media журналистердің стартаптар байқауына кіргізілмеуіне, студенттердің қатысуына байланысты Astana Hub технологиялық паркіне және жасанды интеллект, цифрлық даму министрлігіне сауал жолдады.
Digital Bridge 2025 форумы дәстүрлі түрде болады, осымен сегіз жыл қатарынан өткізіліп отыр. Спикерлер қатарында Telegram негізін қалаушы Павел Дуров, БАӘ-нің ЖИ министрі Омар Аль-Олама сияқты білікті халықаралық сарапшылар бар.
Форум жаңалықтары туралы толығырақ Kursiv.Media сайтынан оқуға болады.