
Осы айда Дана Қарағұсова Қазақстаннан ғарышқа ұшатын алғашқы әйел атанады. Ол 2025 жылғы қазанда Blue Origin компаниясының New Shepard зымыранымен NS-36 миссиясы аясында орбитаға көтеріледі.
Ғарышқа сапар бар болғаны 10-12 минутқа созылады. Зымыран 100 шақырым биікке көтеріліп, ғарыш басталатын тұсқа дейін жетеді. Дана мен тағы бес жолаушы жердің тартылыс күшінен алыстап, әуеде қалықтайды. Олар Жерді ғарыштан тамашалайды. Сапарды тікелей эфирде көрсетеді.
Компания билет құны қанша тұратынын ашып айтпайды. Дегенмен орынға алдын ала тапсырыс беру үшін 150 мың доллар депозит төлеу қажет. Ал сапардың өзінің құны 1 млн долларға дейін жетуі мүмкін.
Оқи отырыңыз: Дана Қарағұсова – ғарышқа турист ретінде ұшатын алғашқы қазақ әйелі
Қарағұсова туралы не білеміз?
Дана — Алматы қаласында танымал кәсіпкер. 43 жаста. Кәсіппен айналысып жүргеніне 25 жылдан асты.
Қарағұсованы First Media Group (FMG) маркетинг холдингінің негізін қалаушы деп атайды. Ол 2018 жылғы желтоқсанға дейін соның жалғыз құрылтайшысы әрі жетекшісі болып келді. Одан кейін меншік иесі мен жетекшілері ретінде басқа адамдар көрсетіліп жүр.
Қазір Дана бар назарын мультимодаль экожүйесі – Portals жобасына аударады. Blue Origin компаниясындағылар ғарышқа ұшатын әйелге осындай сипаттама берген.
Фирманың ресми сайтында Дана Қарағұсова туралы мәлімет жоқ. Ол жерде компанияның негізін қалаушы ретінде Бенедиктас Гилис көрсетілген.

Отбасы
Анасы Гүлжан Қарағұсова алты жыл еңбек министрі қызметін атқарған, ұзақ уақыт депутат болған танымал саясаткер. Дананың өзі жеке өмірі туралы мәліметтерді Instagram парағына үнемі жариялап жүреді. Ол блогер Бейбіт Әлібековпен отасқан, бірақ кейін ажырасып кеткен. Екеуінің үш баласы бар.
Ағасы Фархад Қарағұсов «Орталық құнды қағаздар депозитарийі» директорлар кеңесінің құрамына кіреді. «Sky Bridge Capital» инвестициялық компаниясы төрағасының құқық мәселелері жөніндегі орынбасары. 2014 жылдан бері Каспий университетінің бас ғылыми қызметкері.
Тағы бір бауыры — Роман Романов 2016 жылдан бері Павлодар облысы мәслихатының депутаты. 2018 жылы «Алюминий Қазақстан» компаниясын басқарған. 2022 жылы осы қызметтен кеткен.