Жаңалықтар

Биткоин құны тағы да 120 мың доллардан асты

Биткоин 116 мың доллардан асып, тарихи жетістікке жетті / фото: Reuters
Фото: Reuters

Биткоин (BTC) криптовалютасының құны тағы да 120 мың доллардан асып түсті. Бір апта бұрын ғана BTC шамамен 109 мың тұратын. Содан бері ол 11 мың долларға қымбаттады.

Қазір Bitcoin 120 089 доллардан саудаланып жатыр. Ол тағы бір тарихи межеге қарай ұмтылады. 2025 жылғы 13 тамызда BTC құны 123 мың доллардан асып, жетістігін жаңартқан.

1 қазанда АҚШ федералдық үкіметі жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Соған байланысты инвесторлар қауіпсіз активтерге көше бастады. Осының өзі биткоин мен алтын бағасының көтерілуіне әкеп соқтырды.

Енді BTC-ның нарықтағы құны 2 трлн 393 млрд 458 млн доллар болды.

Биткоин ғана емес, криптовалюталардың басқа да түрлері қымбаттап жатыр. Мәселен, Эфириум (ETH) 2,3%-ға өрлеп, 4,488 доллар болды. Оның нарықтағы құны 541 млрд доллардан асты. Ал Binance Coin (BNB) болса бірден 6,19%-ға шарықтады. Қазір ол 1,095 доллар тұрады. Солана (SOL) бір тәулікте 3,2%-ға көтеріліп, 231,45 долларға жетті.

Бұған дейін сарапшылар биткоин 150 мың долларға дейін көтерілуі мүмкін деп болжаған.

Bitcoin тарихы 2008 жылдан бастау алады. Сол жылы әлем қаржы дағдарысынан ес жия алмай жатқанда, Сатоши Накамото деген бүркеншік атпен танылған адам (немесе адамдар тобы) биткоин жүйесін сипаттайтын ғылыми мақаласын жариялады. 2009 жылы алғашқы биткоин транзакциясы өтіп, желі жұмысын бастады. Ол кезде бір биткоиннің бағасы небәрі 1 центке де жетпейтін еді. Бірақ арада он шақты жыл өтпей жатып, биткоин миллиондаған адамның назарын аудартты.