Жаңалықтар

Мусин Қазақстандағы барлық емханаға ЖИ-терапевт орнатуға уәде берді

Фото: kursiv.media архиві

Жасанды интеллект негізіндегі терапевт (ЖИ-терапевт) Қазақстанның 30 емханасына орнатылды, алдағы уақытта ол барлық медициналық мекемеге енгізіледі. Бұл туралы «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин Digital Bridge форумында айтты.

«Стартап индустриясымен ынтымақтастық бізге қарапайым байланыс құбырынан клиентке нақты құн қосатын қосымша сервистерге ауысуға мүмкіндік беріп отыр. Мұндай жобалар бізде Activation HUB ашылғаннан бері іске аса бастады. Ол шамамен 2024 жылдың сәуірінде іске қосылды. Сол уақыттан бері 200-ге жуық өтінім түсті», — деді ол.

Мусиннің айтуынша, «Қазақтелеком» стартаптарды салалар бойынша құрылымдап, оларды нақты жұмыстарға тартуда.

«Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігімен біз ауылдық округтерге талшықты интернет тартып жатырмыз, оны фельдшерлік-акушерлік пункттерге жеткіземіз. Бірақ ол жаққа интернетті не үшін апарып жатырмыз деген заңды сұрақ туындайды. Сол себепті біз медицина стартаптарын Денсаулық сақтау министрлігіне жеткізушіге айналдық. Мысалы, «Аскл» атты жоба бар — бұл ЖИ-терапевт. Қазір ол елдегі 30 емханада орнатылып, сынақ режимінде жұмыс істеуде. Болашақта біз оны барлық қолжетімді медициналық мекемеге орнатуды көздеп отырмыз», — деді ол.

Бағдат Мусиннің айтуынша, компания жүзеге асырып жатқан тағы бір жоба – фельдшерлерге арналған бейжетон. Аппараттың өзін Samsung ұсынған, ал бейнежазба мен талдауды басқа компания қамтамасыз еткен. Бұл өнім жақын арада нарыққа шығады. Мусин бұл құрылғы фельдшерлердің жұмысын жеңілдетуге көмектесетінін айтады.

«Біз жедел жәрдем келіп, оларға дөрекі сөйлеп, кейде тіпті қол көтеретін жағдайларды жиі көреміз. Бұл мәселені біз стартаптар арқылы шешеміз. Видеоаналитикалық жүйені өзіміз жеке дамытуды жоспарлап отырған жоқпыз», – деді ол.

Сонымен қатар Мусин мемлекеттік деңгейде жаңа сервистерді іске қосу, «Қазақтелекомды» ішкі трансформациялауға қарағанда әлдеқайда оңай екенін атап өтті.