
Ақтауда балабақшада сәби соққыға жығылды. Жекеменшік балабақшаға баратын қыз бір жарым жаста ғана.
Lada ақпаратына қарағанда, Ассия Сұлтанбайдың анасы Камила Қабиева тергеудің толыққанды жүргізілмей жатқанын айтып шағымданды.
Оның сөзінше, сот-медициналық сараптаманың қорытындысында тек «екі сызат» көрсетілген. Алайда фотосуреттерде қыздың денесінде көптеген жарақаттар мен көгеру бар екені анық көрінеді. Дәрігерлер жабық бас-ми жарақатын, жүйке жүйесінің ауруын, психикалық бұзылысты және көздің іскенін тіркеген.
«Барлық диагноздарды сараптамаға тапсырдым. Бірақ олар ескерілмеді. Қайта тексеру жүргізуді сұрағаныммен, полиция тек сот арқылы мүмкін деп бас тартты. Енді істі жауып тастауға тырысуда», – дейді Камила Қабиева.
Оның айтуынша, тәрбиеші мен күтуші әлі күнге дейін сол балабақшада жұмыс істеп жүр.
Ал Маңғыстау облыстық полиция департаменті қылмыстық істің әлі қаралып жатқанын хабарлады.
«Тергеу қорытындысы бойынша кінәлілер жауапқа тартылады», – деді ведомство.
Еске сала кетейік, 5 тамыз күні Ақтаудың 14-ші шағынауданындағы жекеменшік балабақшада шамамен 40 минут бойы кішкентай қызды басқа бала ұрып-соғып, тістеп жатқан. Ол уақытта күтуші орнында болмаған.
Мұның алдында Шымкентте жекеменшік балабақша антисанитарлық жағдайда жұмыс істеп жатқаны мәлім болды.