Жаңалықтар

АҚШ Венесуэла жағалауындағы кемелерді бомбалап жатыр

АҚШ Венесуэла кемелерін «террористік ұйым» деп танылған наркокартельге тиесілі деп атады / фото: Kursiv.Media мұрағаты
АҚШ Венесуэла кемелерін «террористік ұйым» деп танылған наркокартельге тиесілі деп атады / фото: Kursiv.Media мұрағаты

АҚШ Венесуэла жағалауында кемелерді бомбалап келеді. Ақ үйдің пікірінше, бұл кемелерге есірткі тиеліп, АҚШ-қа жеткізіледі.

Іnterfax ақпаратына қарағанда, Пентагон басшысы Пит Хегсет Венесуэла жағалауына жақын бейтарап теңізде есірткі тиелген кемеге соққы жасалғанын хабарлады.

Трамптың бұйрығы

«АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығымен бүгін таңертең есірткі тасымалдаған, АҚШ-та террористік ұйым ретінде танылған топқа қатысы бар кемеге соққы жасау әрекетін үйлестірдім. Соққы Венесуэла жағалауына жақын бейтарап теңізде жасалды», – деп жазды Хегсет жұма күні X әлеуметтік желісінде.

Кемеге иелік еткен ұйымның атауын ол атамады.

АҚШ шабуылынан қанша адам қаза тапты?

Пентагон басшысының айтуынша, соққы салдарынан есірткі тасымалдаған төрт адам қаза тапты.

АҚШ бұған дейін 2, 16 және 19 қыркүйекте Кариб теңізінде осындай соққылар жасаған болатын. Бұл операциялардың нәтижесінде 17 адам қаза тапқан. Трамп әкімшілігі ол қайықтардың бәрінде есірткі болғанын мәлімдеді. Ал 2 қыркүйекте жойылған кемені Трамп Венесуэланың АҚШ-та террористік ұйым деп танылған наркокартеліне тиесілі деп атады.

Құпия операция

Бұған дейін америкалық БАҚ Трамптың бұл әрекеттерді жария етпей, әскерге Латын Америкасындағы наркокартельдерге қарсы шетел аумағында соққы беруге құпия түрде бұйрық бергенін жазған.

АҚШ әскери қолбасшылығы Латын Америкасы жағалауына сегіз кеме мен бір сүңгуір қайықты аттандырған. Венесуэла билігін айтпағанда, мұндай қадамдар бірқатар елді алаңдатып отыр.

Айта кететін жайт, Трамп Газа жоспарын қабылдауға Хамасқа жексенбі кешке дейін уақыт берді.