Құтыру және жануардың тістеуі: қалай қорғану керек

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Құтыру індетінен құтылу амалдары / ЖИ, бильд-редактор: Юлия Петрова
Құтыру індетінен құтылу амалдары / ЖИ, бильд-редактор: Юлия Петрова

Құтыру – бәрінің еститіні, бірақ оның қаншалықты қауіпті екенін көпшілік ойлай бермейтін ауру. Әлемде жыл сайын шамамен 59 мың адам осы дерттен көз жұмады. Олардың жартысына жуығы – 15 жасқа толмаған балалар. Қазақстанда соңғы он жылда адамдар арасында 25 жағдай тіркелген.

Негізгі мәселе мынада: аурудың белгілері пайда болғаннан кейін ол іс жүзінде әрдайым өліммен аяқталады. Бұл бүкіл әлем бойынша осылай. Бірақ жақсы жаңалық та бар. Өйткені, жұқтырудың алдын алуға болады. Ол үшін қарапайым қорғану ережелерін білу, тістелген жағдайда дұрыс әрекет ету және дер кезінде дәрігерге қаралу маңызды.

Құтыру дегеніміз не?

Құтыру — адам мен жануарлардың миы мен жүйке жүйесін зақымдайтын вирустық инфекция. Қарапайым тілмен айтқанда, вирус ағзаға тістеу немесе тырнау арқылы енеді. Ауру жануардың сілекейі жараға түсіп, жүйкелер арқылы біртіндеп миға жетеді. Сирек жағдайларда сілекей көзге немесе ауызға түскенде шырышты қабат арқылы да жұғуы мүмкін.

Жұққаннан кейін жасырын кезең басталады. Бұл кезде адам өзін сау сезінеді. Ол бір аптадан бірнеше айға, тіпті бір жылға дейін созылуы мүмкін. Бірақ вирус миға жеткенде алғашқы белгілер шығады. Олар – әлсіздік, дене қызуы, бас ауруы. Кейінірек ауыр кезең басталады. Ол кезде құрысу, елестеулер, салдану, судан немесе тіпті желден қорқу пайда болады.

Маңыздысы, ауру симптомдық кезеңге жетсе, оны емдеу мүмкін емес. Өлімге әкелуі сөзсіз. Сондықтан басты қорғаныс – белгілерді күтпей, тістелген немесе тырналғаннан кейін бірден дәрігерге жүгіну. Жараны дер кезінде өңдеу және вакцина салдыру аурудың дамуын толықтай тоқтатады.

Қандай жануарлар құтыруды таратуы мүмкін?

Бірінші кезекте қауіп тобына жабайы жануарлар жатады. Олар – түлкілер, қасқырлар, жанат тектестер, иттер, скунстар, шибөрілер, жарқанаттар және тіпті мангустар. Бұл жануарлар сілекей арқылы вирус тасымалдап, тістеу немесе тырнау арқылы жұқтырады.

Кейбір елдерде құтырудың басты көзіне айналған – жарқанаттар. Олардың тістеуі өте ұсақ болғандықтан, адам жарақатты байқамай қалуы мүмкін. Десе де, вирус ағзаға еніп үлгереді. Түлкілер мен жанаттар үй жануарларына жұқтырады. Сондықтан олар да қауіпті. Ал скунстар мен шибөрілер орман маңында және ауылдық жерлерде тұратын адамдар үшін қауіп төндіруі мүмкін. Сол себепті де, жабайы жануармен кез келген байланыстың құтыруға шалдықтыру қаупі бар екенін ұмытпау ләзім.

Үй жануарлары да назардан тыс қалмауы тиіс. Көпшілік: «Менің итім немесе мысығым ешқандай қауіпсіз» деп ойлайды. Алайда, іс жүзінде адамдардың құтыру жығып, өлгендерінің 99%-ы иттердің тістеуінен туындайды. Мысықтар да вирус тасымалдауы мүмкін. Әсіресе далаға шығып, басқа жануарлармен жолықса. Тіпті сырттай сау көрінген жануардың сілекейінде вирус ауру белгілері шықпай тұрып бірнеше күн бұрын бөлінуі мүмкін. Сол себепті ит пен мысыққа жыл сайын құтыруға қарсы екпе салдыру өте маңызды.

Тістелуден және жұқтырудан қалай қорғану керек?

Бірінші ереже өте қарапайым. Бейтаныс және жабайы жануарларға қол тигізбеңіз. Олар тыныш немесе «сүйкімді» болып көрінсе де. Қаңғыбас ит пен мысықты тамақтандыруға немесе сипауға болмайды. Сол сияқты парктегі тиіндерге, еноттарға немесе басқа жануарларға жақындамаған жөн. Әйтпесе олар тістеп немесе тырнап алуы мүмкін.

Жануардың агрессия белгілерін ажырата білу қажет. Ол құлағын жымқырып, тісін ақситып, ырылдап, арқасын бүкірейтіп, құйрығын қатты сермеп немесе керісінше, қозғалыссыз қалып қоюы мүмкін. Мұндай мінез – қауіптен сақтандыру белгісі.

Үй жануарларына қатысты бөлек айту керек. Ит пен мысыққа вакцина салу – жай формалды дүние емес, бүкіл отбасыңызды қорғаудың жолы. Жануар үйде тұрса да, серуендеген кезде немесе басқа жануармен ұшырасып, вирус жұқтыруы ықтимал. Әдетте, құтыруға қарсы алғашқы екпе күшіктер мен мысықтарға үш айлығында салынады. Бір жылдан соң қайта егілетін ревакцинация жасалады. Кейін бұл процедураны жыл сайын қайталау керек. Тұрақты екпе вирус таралуын тоқтатып, жануарларды да, иелерін де қауіпсіз етеді.

Жеке алдын алу шаралары

Жабайы немесе жұқпалы ауруы бар жануарлармен жиі байланысқа түсетін адамдарға жеке алдын алу шаралары бар. Бұлар – ветеринарлар, орман шаруашылығы қызметкерлері, туристер және орман алқаптарының жанында тұратын ауыл тұрғындары. Мұндай адамдарға алдын ала екпе салдыру ұсынылады. Сонда ағза вирусқа қарсы дайын болады.

Көбінесе курс бір ай ішінде үш дозадан тұрады. Кейін ревакцинация қажет. Бір жылдан соң және бірнеше жылдан кейін (қауіп деңгейі мен дәрігер кеңесіне байланысты). Иммунитет біртіндеп қалыптасады. Сондықтан соңғы екпеден соң кемінде үш-төрт апта өтуі керек. Сол себепті құтыру бойынша қолайсыз аймаққа баруды жоспарлаған адамдар екпені алдын ала алғаны жөн.

Баламен қалай сөйлесу керек

Балалар жиі тістеп жатады. Себебі олар әрбір ит пен мысықты дос деп ойлайды. Сондықтан бәрін қарапайым сөзбен түсіндіру маңызды. «Барлық жануар ойнағысы келмейді. Кейбірі ауырғанда немесе ауырып жүрсе, тістеп алуы мүмкін», – деп балаға түсіндіру қажет.

Тіпті сүйкімді көрінетін мысық немесе күшік иесіз болса, қауіпті екенін түсіндіріңіз.

 Бірнеше мысал кетіруге болады. Мәселен, «Жерден тамақ алмаймыз ғой, сол сияқты көшедегі жануарларды да сипауға болмайды». «Тиін немесе ит жақсы болып көрінуі мүмкін, бірақ олардың дені сау ма – білмейміз. Оларды алыстан бақылаған дұрыс», – ескерткен жөн.

Балаларға жануарларды қолдан тамақтандыруға болмайтынын және оғаш қылық көрсеткендерге жақындамау керегін ескертіңіз. Теңселіп жүрген, шамадан тыс мазасыз немесе тығылып, ысылдап жүрген жауарлардан сақ болаған дұрыс.

«Ондай жануарды көрсен, арқаңды берме, жайлап шегін де, ересектерге айт», – деп ұқтыру қажет.

Тістеп алса не істеу керек

Шабуыл жасалса, бірден әрекет ету керек. Бірінші қадам – жараны кемінде 15 минут бойы сабындап, мол сумен жақсылап жуу. Бұл жануардың сілекейіндегі вирусты кетіруге көмектеседі. Кейін йод ерітіндісі немесе спирт сияқты антисептиктер себу қажет. Жараны қатты таңғышпен таңуға болмайды. Ашық қалуы тиіс.

Содан кейін дәрігерге бару керек. Тістеген жер кішігірім көрінсе де, уақыт өткізу қауіпті. Вирус жүйке жүйесіне тез түсіп, ем көмектеспей қалуы мүмкін.

Ерте кезеңдегі белгілер – қызу көтерілуі, жара орнында шаншу, ашыту немесе ұю сезімі. Мұндай симптомдар байқалса, екпе алып жүргеннің өзінде дереу дәрігерге қаралу қажет.

Дәрігерлердің әрекеті

Ауруханада дәрігер алдымен жараны қарайды. Қандай жануар тістегенін, қайда болғанын, оны бақылауға бола ма – соны сұрайды. Кейде сілекей немесе теріден талдау жасайды. Бірақ көбіне уақыт жоғалтпай емді бірден бастайды.

Негізгі шара – постконтакттық профилактика. Яғни тістегеннен кейін құтыруға қарсы екпе курсы тағайындалады. Бұл әдетте бір ай адынатын бірнеше доза болады. Бұрын екпе алған адамдарға қысқартылған кесте қолданылады. Егер жара ауыр болса немесе жабайы жануар тістесе, жара айналасына антирабиялық иммуноглобулин енгізіледі. Бұл – дайын антиденелер. Олар ағза өз қорғанысын қалыптастырғанша бірден әсер етеді.

Дәрігер жараны тазалап, қажет болса хирургиялық өңдейді. Сондай-ақ сіреспеге қарсы екпе керек пе – соны тексереді. Мұның бәрі уақыт өткізбей жасалуы тиіс. Себебі симптомдар басталса, тиімді ем жоқ.

Құтыру қаупі жоқ жануар тістегенде

Егер дәрігер тәуекелді төмен деп бағаласа (мысалы, жануардың сау екені белгілі болса), бәрібір көмек қажет. Өйткені, тістеген жер – инфекция түсуі мүмкін жара.

Жараны алдымен мол сумен және сабынмен мұқият жуып, кірден тазарту –негізгі қадам. Сосын антисептикпен өңделеді. Қажет болса, хирургиялық өңдеу жасалады. Әдетте мұндай жаралар тігілмейді. Себебі бактериялар іште қалып қоюы мүмкін.

Дәрігер сіреспеге қарсы екпе қажет пе, соны тексереді. Антибиотиктер клиникалық жағдайға қарай тағайындалады. Бұл жараның орны мен тереңдігіне, науқастың жағдайына байланысты.

Тіпті құтыру қаупі төмен болса да, дәрігер жануарды біраз уақыт бақылауға бола ма, жоқ па – соны анықтайды. Бұл постконтакттық екпенің қажет еместігін нақтылауға көмектеседі.

Жарадан кейін жағдайды қадағалау аса маңызды. Ауырсыну, қызару, ісіну, ірің, қызу немесе жалпы халдың нашарлауы байқалса, дәрігерге қайта қаралу керек. Ал құтырудың бастапқы белгілері (шаншу, ашыту, қызу, әлсіздік) пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.

Мұның алдында бала дәрігерге барудан қорықса не істеу керек екені жайында жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз