Мұғалім мобилограф не күзетші емес: Аймағамбетов заңға енетін өзгерістерді атады

Ұстаздар күні қарсаңында мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов «Педагог мәртебесі туралы» заңға енгізілуі мүмкін түзетулерді жариялады.
Ол сондай-ақ ұстаздар қауымын құттықтап, мұғалім мобилограф болмауы керек екеніне назар аударды.
«Мұғалім мобилограф, блогер, күзетші немесе чат модераторы болмауы керек. Оның басты жұмысы – баланы оқыту», – деп жазды депутат.
Айтуынша, заңға түзетулер әзірленіп, Үкіметке жолданған.
Сонымен мұғалімдер үшін бірнеше өзгеріс бар. Біріншісі – есеппен күрес.
«Қағаз ба, цифр ма – біреуін ғана толтыру. Сонымен қатар «Бір рет бір жүйеге енгіздің бе – жетеді»: Күнделік немесе НОБД немесе Bilimland-тің біреуіне ғана енгізілген дерек бірнеше жүйеде қайталанбауға тиіс», – деп жазды ол.
Сонымен қатара Instagram / Facebook-те Мұғалімді пост жазуға немесе блог жүргізуге мәжбүрлеуге болмайды.
«Мектептен тыс жағдайға мұғалім жауап бермейді. Ол күзетші де, детектив те емес. Бұған қоса, біз «Мұғалімге тән емес функциялар» деген түсінікті заңда алғаш рет анық жаздық. Сонда нақты қорғану оңайырақ болады», – деп түсіндірді Аймағамбетов.
Сөзінше, мектеп пен ата-ана арасындағы келісімнің мәртебесі күшейеді. Енді ата-аналар мен мектеп осы келісімшартты қатаң ұстануға міндетті болады.
Педагог мәртебесін бұзғандарға салынатын айыппұл күрт өседі.
«Бұған қоса, заңға мұғалімге психологиялық пен физикалық зорлық-зомбылыққа мүлдем жол берілмейді деген норма енгіздік», – деді депутат.
Бұған дейін оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады.
«Мемлекет басшысы мұғалімдердің құқықтық мәртебесін одан әрі нығайтуды тапсырып, бірнеше міндеттер жүктеді. Осыған байланысты біз Парламент мәжілісімен бірге заңнамалық өзгерістерді жүзеге асырамыз және осы жолы да ұстаздар қоғамдастығымен міндетті түрде ақылдасамыз», – деді Сүлейменова.