Таразда жылыту маусымы 6 қазанда басталады

Таразда жылыту маусымы 6 қазанда басталады. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Қазір қалада 5 жылу өндіруші және тасымалдаушы кәсіпорын бар. Олар жалпы 1 780 нысанды жылумен қамтамасыз етеді.
«Qazaqgaz aimaq» кәсіпорны ақпаратына сәйкес, қала аумағында газдандырылмаған 2 006 жеке тұрғын үй бар. 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына шаһар тұрғындары үшін қажетті көмірдің көлемі 10 030 тоннаны құраған. Қалада көмір сатумен шұғылданатын 7 операторда 2 630 тонна көмір бар.
«Қалада жалпы 138 мемлекеттік білім мекемесі бар. Оның 133-і жылу өндіруші және тасымалдаушы кәсіпорындар тарапынан жылытылады», – делінген ақпаратта.
Осылайша, қала аумағында 1-кезеңде 6-9 қазан аралығында әлеуметтік нысандарға (балабақша, білім беру, денсаулық сақтау) жылу берілсе, 2-кезеңде 9-15 қазан аралығында көпқабатты тұрғын үйлер жылуға қосылады.
Айта кетейік, Алматыда жылыту маусымы уақытынан бұрын басталуы мүмкін.