Бишімбаев 24 жылдан да ұзақ мерзімге сотталуы мүмкін еді – прокурор Аймағанова

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Айжан Аймағанова сұхбат беріп, сот процесінен кейінгі өмірі туралы айтты/коллаж kursiv.media

Қуандық Бишімбаев ісіндегі мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова Dinara Satzhan YouTube каналына сұхбат беріп, ашық сот отырысынан кейінгі өмірі, экс-министрдің ісі туралы айтты.

«Өмірім сол сот процесінен кейін түбегейлі өзгерді. Өзім қызметіме байланысты тұйық адаммын. Танымал болуға дайын емес едім. Отбасы, мәселесі бар қарапайым азаматпын. Сот басталмастан бұрын маған осылай танымал боласың деп айтқанда, әу баста бас тартар едім», – дейді Аймағанова.

Сот барысында көпшілік прокурордың эмоцияға берілгенін де айтты. Аймағанова қылмыстық істі алқабилер қарағандықтан өзін солай ұстағанын жеткізді.

«Сотта шектен тыс назар аударылды. Алайда ол жерде мемлекеттік айыптаушымын, нақты мақсатым, істеуім керек іс-әрекет бар. Сот залында 50-60 адам отырды. Іс басталған кезде оларды да көрмедім. Кей сәтте этикадан шыққан да шығармын. Сот та ескерту жасады, бірақ алқабилер қатысып отырғандықтан, әдейі істедім. Егер классикалық сот болса, азырақ эмоция көрсетер едім», – дейді ол.

Әңгіме барысында Аймағановаға «Бишімбаев сотты жабық өткізуді сұраса, қазіргіден аз жылға сотталар ма еді?» деген сұрақ қойылды.

«Үкім шыққан іске қатысты мұндай пікір айту этикаға жат болады. Дегенмен сот жабық өткенде, бұдан (24 жыл – ред.) да көп жылға сотталуы мүмкін еді. (…) Егер шын өкініп, кешірім сұрағанында қоғам тарапынан болса да, қандай да бір жеңілдікке ие болар еді деп ойлаймын. Біздің мәдениет пен менталитетімізде ондай жоқ сияқты көрінеді. Бізде жасаған ісің үшін кешірім сұрауға емес, керісінше, өзіңді ақтауға және кінәліні басқа жақтан іздеуге үйретеді», – дейді прокурор.

2024 жылдың 13 мамырында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі шықты. Бишімбаев түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Байжановты 4 жылға бас бостандығын айыру туралы сот үкімі шықты. 

2025 жылдың шілдесінде Бақытжан Байжановтың жаза мерзімі қысқарды. Амнистия туралы Заңға сәйкес, сотталған Байжановтың жаза мерзімінің өтелмеген бөлігі 1/3-ке қысқартылып, қалған өтеу мерзімі 1 жыл 4 ай 17 күн болып белгіленді.

Сондай-ақ оқыңыз