
Қостанай облысы Амангелді ауданы әкімдігі Салтанат Нүкенованың есімі жазылған тақтаға қатысты ақпарат таратты.
Бұған дейін Салтанат Нүкенованың есімі «Амангелді» туристік кешеніндегі мемориалдық тақтаға жазылғаны, оның Қазақстан тарихына ықпал еткен тұлғалар қатарына енгізілгені айтылды.
Әкімдік «Салтанат Нүкенова есімі жазылған тақта «Ұлттық жады қабырғасы» мемориалында орналасқан» деген ақпаратты жоққа шығарды.
Ресми ақпаратқа сәйкес, 2020 жылдан бастап Амангелді ауылында меценаттың бастамасымен көпфункционалды туристік кешеннің құрылысы жүргізіліп келеді. Ол жерде «Ұлттық жады қабырғасы» атты мемориалды қабырға бар. Оған тарихи тұлғалардың есімдері жазылған 296 ескерткіш тақта орнатылған. Қазір ол әкімдікке тиесілі.
Ал Салтанат Нүкенованың аты жазылған тақта «Ұлттық жады қабырғасына» қатысы жоқ жабық нысанға қойылған. Ол жекеменшік қайырымдылық қорына тиесілі. Ішінде тарихи тұлғалар мен оқиға атаулары жазылған тақталар орнатылған. Соның біріне марқұм Салтанат Нүкенова есімі жазылған тақта да бар.