Зайсан әуежайы 2026 жылы ашылады

Шығыс Қазақстан облысында Зайсан әуежайы 2026 жылы ашылады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі Kursiv.Media ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Әуежай аумағындағы нысандар
Ресми ақпарат бойынша 184,6 гектар жер телімі әуежай салуға берілген. Инженерлік желі үшін қосымша жер де бөлінген.
Әуежай аумағында ұшу-қону жолағы, 4 ұшаққа арналған перрон, сағатына 150 жолаушы өткізу мүмкіндігі бар жолаушылар терминалы, команда-диспетчер пункті, апат-құтқару қызметі ғимараты және өндіріс-техника нысаны болады.
Үкіметтің баспасөз қызметі бұған дейін ұшу-қону жолағы ұзындығы 2200 метр болатынын хабарлады. Бұл әуежай аймағында Bombardier Q400, ATR-72 және басқа да ұқсас типтегі ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік береді.
Құрылыс қалай жүріп жатыр?
Құрылыс барысына келсек, ұшу-қону жолағында сызықтарды салу жұмыстары аяқталған. Перронға бетон төселіп, мұз қатуға қарсы жүйе орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Рулеж жолына (ұшу алаңының элементтерін өзара байланыстыратын жол) ұсақ түйіршік бетон төселген.
Жолаушылар терминалы, команда-диспетчер пунктінің іргетасы қаланып, қабырғасын көтеру жұмыстары жүріп жатыр.
2026 жылы жұмысын бастайды
«Сонымен қатар әкімшілік ғимарат, гараж, қойма, апат-құтқару қызметі ғимараты және басқа да нысан құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Негізгі құрылыстың аяқтау Зайсан әуежайынан 2026 жылы тұрақты әуе қатынасын ұйымдастыруға мүмкіндік береді», – деп хабарлады әкімдік.
Бұған дейін Көлік министрлігі Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорт аймағында жаңа әуежай салуға 117,7 млрд теңге жұмсау жоспарланып отырғанын хабарлады.
Әуежай Зайсан қаласынан шамамен 25 шақырым жерде орналасқан Сәтбай ауылының маңындағы бұрынғы әскери әуеайлақ базасында салынып жатыр.
Қазір Зайсанға жыл сайын шамамен 23 мың турист келеді. Әуежай іске қосылып, инфрақұрылым дами түскенде бұл көрсеткіш 136 мың туристке дейін өседі деп жоспарланған.