Forbes тізіміндегі миллионерлерге тиесілі компания бір тонна алтын өндірмек

«Central Asia Mining Co» компаниясы 2025-2029 жылдары Түркістан облысының Созақ ауданындағы Қамысты кен алабында орналасқан Жолбарысты және Шован кен орындарында алтын мен күміс өндіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы компания ақпаратында жазылған. Жалпы алтын қоры 900 келіден асады.
Компанияның мәліметінше, жоба 2025 жылы басталып 2029 жылы аяқталмақ. Кен орны Шалқия цинк кенішінен 60 шақырым және Жаңақорған аудан орталығынан 75 шақырым жерде орналасқан. Кен орнына жол бар. Жоспар бойынша тау-кен жұмыстары жыл бойы, екі ауысымда (әрқайсысы 12 сағаттан) вахталық әдіспен жүргізіледі.
Жоба бойынша аймақтағы алтын-күміс кен қоры жер астынан қазу тәсілімен өндіріледі. Мемлекеттік қор комиссиясының 2014 жылғы хаттамасына сәйкес, Жолбарысты кен орнында С1 санаты бойынша 57,7 мың тонна кен (229,5 кг алтын, 1,4 тонна күміс), С2 санаты бойынша 176,7 мың тонна (606 кг алтын, 4,7 тонна күміс) бар. Шован кен орнында С1 бойынша 2,8 мың тонна (41,8 кг алтын, 0,3 тонна күміс), С2 бойынша 115,4 мың тонна (340,2 кг алтын, 8,3 тонна күміс) есепке алынған.
Компания басшысы – Бақытжан Сейтжан. Құрылтайшылары: «Оңтүстік» Сауда-Өнеркәсіп корпорациясы мен «Project Solution KZ» ЖШС: «Оңтүстік» корпорациясының иелері – Жанна Сейтжанова, Қаншайым Сейтжанова, Бауыржан Сейтжанов, Бақытжан Сейтжан және Серікжан Сейтжан. «Project Solution KZ»-тің жалғыз иесі – Карина Аракелян.
Forbes дерегінше, Сейтжановтар отбасы 365 млн доллар байлығымен Қазақстанның ең дәулетті 50 әулетінің ішінде 31-орында тұр. Олар «Оңтүстік» корпорациясы арқылы мұнай өндіретін «Саутс Ойл» компаниясының 57,16%-ына иелік етеді. Сонымен қатар отбасының құрылыс саласындағы «МунайҚұрылысСервис», бұрғылау компаниясы «Smart-Oil», «Стандарт Цемент» зауыты, «Central Asia Mining Co», цианид өндірісімен айналысатын Talas Investment Company сияқты кәсіпорындары бар. Бұдан бөлек, Сейтжановтарға Rixos Khadisha Shymkent, Rixos Turkestan қонақүйлері мен Khanshaiym Plaza сауда орталығы тиесілі.