Қымбат ақша дәуірі жетті: несие алу қиындай түспек

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қазақстанда айлық төлемеген кәсіпорындардың қарызы 1,3 млрд теңгеге жеткен / фото: KursivMedia мұрағаты
фото: KursivMedia мұрағаты

Қазақстандықтар үшін кредит алу барған сайын қиындай түспек. Өйткені несие пайызы қымбаттап, банктер клиентке қоятын талабын күшейтеді. Мұндай тұжырымды Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) сарапшылары жасады.

Олардың айтуынша, қазір қаржы жүйесіне қысым түсіріп отырған басты екі фактор бар: жоғары пайыздық мөлшерлеме мен банктердің ең төменгі резервіне қойылатын талаптардың күшеюі. Бұл жағдай банктердің таза пайдасын қысқартып, несие беруін азайтады.

Қауымдастық шолуында атап өтілгендей, қазіргі кезде кредит пен депозит бойынша мөлшерлемелердің айырмасы азайып барады. Бұл жайт банктерді қарыз беруде барынша сақ саясат ұстануға мәжбүрлейді.

2025 жылдың үшінші тоқсанында нақты мөлшерлеме көктемдегі 7,1%-дан 3,6%-ға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш соңғы он жылдағы орташа деңгейге (шамамен 3%) жақындады. Алайда номиналды мөлшерлеме әлі де жоғары және Ұлттық банк қазан айында ақша-несие саясатын қатаңдатқан жағдайда 4,25–4,5%-ға дейін өсуі ықтимал.

Базалық мөлшерлеме мен инфляцияның өсуі депозит нарығына қатты әсер етті. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, корпоративтік кредит бойынша спред 4,1%-дан 3,6%-ға дейін қысқарса, жеке тұлғаларда бұл көрсеткіш 7,8%-дан 6,7%-ға түскен. Осылайша, банктер қорландыру құнының өсуі және табыстың төмендеуімен бетпе-бет келіп отыр.

Қаржы қысымын ең төменгі резервке қойылатын талаптар одан сайын күшейтті. Қыркүйек айында банктердің өтімділігі 1,5 трлн теңгеге азайған.

Жаңа норматив бойынша, теңгедегі міндеттемелер үшін резерв талаптары 3,5–5% деңгейінде болса, валютадағы міндеттемелер үшін 10–15% болып бекітілді. Ұлттық банк бұл шаралар ақша массасының шамадан тыс өсуін тежеу және ақша-несие саясатының тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Қаржыгерлер қауымдастығы сарапшыларының айтуынша, банктер пайдаға қысым күшейген жағдайда шығындарының бір бөлігін клиенттердің мойнына артуы мүмкін.

«Қаржы жүйесі қымбат ақша кезеңіне қадам басты: жоғары мөлшерлеме мен қысқарған маржа несие беру белсенділігін тежеп отыр. Бұл экономикадағы инвестициялық цикл үшін де айтарлықтай тәуекел тудырады», – делінген шолуда.

Сарапшылардың пікірінше, жағдай инфляциялық және девальвациялық күтулер бәсеңдегенде тұрақталмақ. Тек осы жағдайда ғана мөлшерлемелер біртіндеп төмендеп, төмен деңгейде сақтала алады. Бұл капиталды арзандатып арттырып, экономикадағы инвестициялық белсенділікті қолдауға мүмкіндік береді.

Бұған дейін қаржы нарығының қатысушылары базалық мөлшерлеме өсіп, теңге құнсыздануы мүмкін деген болжам жасаған. Қазір Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5 пайыз деңгейінде ұстап тұр.

Сондай-ақ оқыңыз