Ғани Майлыбаев Алматы облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

Алматы облысы әкімінің өкімімен Ғани Айдарұлы Майлыбаев 2025 жылдың 3 қазанынан бастап облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Ғани Майлыбаев 1987 жылы дүниеге келген. 2008 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «қаржы» мамандығы бойынша тәмамдады. Кейін 2010 жылы аталған оқу орнында «құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды. 2018 жылы Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын «аймақтық және муниципалды басқару» мамандығы бойынша аяқтады.
Еңбек жолын 2008 жылы Алматы қаласы «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалының есеп және статистика секторының меңгерушісі қызметінен бастаған. Әр жылдары партияның Алатау аудандық филиалында заңгер-консультант, Медеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болды. Сонымен қатар Алматы қаласы Медеу және Наурызбай аудандары әкімінің орынбасары, Жамбыл облысы туризм басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.
2020 жылдың желтоқсан айынан бері Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Руслан Берденов Алматы қаласында жаңа қызметке тағайындалған еді.